Астанада автобус жүргізушілерінің «қара тізімі» жарты айда үш есе ұзарған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жарты айдың ішінде автобус жүргізушілерінің «қара тізіміне» енгендердің саны 441-ке жеткен. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында Astana LRT ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Есжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әкімдік тасымалдаушылардың сапарын субсидиялайды. Сондықтан, қазан айынан бастап Астана LRT операторлармен және тасымалдаушылармен айыппұл санкциялары бойынша келісімге келді. Біз қазіргі таңда барлық бұзушылықтар бойынша жұмыс жүргізіп, тиісті айыппұлдарды салып жатырмыз», - дейді спикер.
Оның айтуынша, қазан айының өзінде тасымалдаушыларға 22 млн теңгенің айыппұлы салынған.
«Бүгінгі таңда 441 жүргізуші қара тізімге енгізілді. Осы шаралардың арқасында олар тәртіпке бағынып келеді. Бірақ, барлық жүргізушілердің тәртібін ретке келтіру үшін бізге қосымша уақыт керек», - дейді Бейбіт Есжанов.
Айта кетсек, 19 қазандағы жағдай бойынша «қара тізімде» тек 132 жүргізуші болған еді. Бар болғаны жарты айдың ішінде қара тізімге енгендердің саны 441-ге жеткен.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын Бейбіт Есжанов электронды төлем жүйесіне қатысты аптасына 100-ге тарта шағым түсетінін хабарлаған еді. Оның айтуынша, әлеуметтік желі парақшаларындағы соңғы видеороликтерді талдай отырып, кеңесшілердің (кондукторлар) немесе жүргізушілердің билетті бермей қоятыны, ал жолаушылардың кей жағдайда төлемнен жалтаратыны анықталған.