Астанада автобус жүргізушісі жол сұраған жолаушыға темір ала жүгірді

Бұл оқиғаға сол автобустың ішінде отырған ҚазАқпарат агенттігінің журналисі Күнсұлтан Отарбай куә болып, жаңжалды қалта телефонына түсіріп алған.
Келеңсіз жағдай Бараев көшесі, Бараев аялдамасында орын алды. Автобустың алдыңғы есігінен үңіліп жол сұраған адамға жүргізуші не себептен екені белгісіз, орындығының астынан кеспелтек темір ала жүгірген. Жолаушы үшкір заттан сескеніп, кейін қарай қашқанымен ашуға булыққан жас жүргізуші әлгінің жағасынан ала түседі. Сол сәтте жәбірленушінің қасында тұрған бір әйел араша түспек болып, жүргізушінің қолындағы темірге жармасады.
Ал аялдамада тұрған өзге жұрттар тосыннан орын алған оқиғаның неден басталғанын, нақты кімнің кінәлі екенін түсінбей, аңтарылып қалса керек. Жаңжалдасқандарға араша түскен әйел жүргізушінің кесірінен жерге құлап түскенде ғана барып, өзгелер көмекке ұмтылады.
Ал ана әйел жерге құласа да, жүргізушінің қолындағы темірден айырылған жоқ. Бірақ өзінің қатты соққы алғаны бейнежазбадан анық көрініп тұр.
Ал жүргізуші болса, оны тұрғызып, кешірім сұрамақ түгілі, қолына ұстап алып түскен теміріне де қарамастан автобусына отырып, кете барады.
Халықтың амандығын басты назарда ұстауы тиіс қоғамдық көлік жүргізушілерінің арасында осындай да сорақылыққа жол беретін жандардың бар екендігі өкінішті-ақ.