Астанада автобустар саны 878-ге жетсе де оның қызметінің сапасы сынға ұшырады - БАҚ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков елордалық қоғамдық көлік қызметін сынға алды. Әкім автобус паркінің басшыларына: «автокөліктеріңді қойып, өздерің автобуспен қатынаңыздар. Сонда жағдайды өз көздеріңізбен көріп, сезінесіздер. Орын алып жүрген олқылықтарды қалай ретке келтірудің жолын табарсыздар. Әлемдегі айшықты елордалардың бірі - Астанада қоғамдық көліктің қызмет сапасы мұндай төмен деңгейде болмауы керек» деді.
Осы мәселе бойынша қалалық «Астана ақшамы» газетінің тілшісі елордадағы автобустардың жүру кестесінің сақталуын бақылап, аялдамадаларда қоғамдық көлік күткен қала тұрғындарының өтініш-шағымдарына құлақ түрді. «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандарға мақаланың қысқартылған нұсқасын ұсынады.
Қоғамдық көліктердегі қызмет сапасы осындай деңгейге төмендегені Астана қаласы әкімінің де жанына батып, қатты алаңдатып жүр екен. Әділбек Жақсыбеков жақында арнайы өткізген бір жиында қаладағы жолаушылар тасымалын қатты сынға алды. Автобустардың ластығын, кондуктор мен жүргізушілердің дөрекілігін айтқан әкім автобус паркінің басшыларына: «автокөліктеріңді қойып, өздерің автобуспен қатынаңыздар. Сонда жағдайды өз көздеріңізбен көріп, сезінесіздер. Орын алып жүрген олқылықтарды қалай ретке келтірудің жолын табарсыздар. Әлемдегі айшықты елордалардың бірі - Астанада қоғамдық көліктің қызмет сапасы мұндай төмен деңгейде болмауы керек. Қоғамдық көліктердің қатынау жиілігі тым ұзақ, қажетті маршруттарын сағаттап күтетін тұрғындар жиі шағым айтады. Соның бәрін ретке келтіріңдер» деді.
Біз сол күні-ақ қоғамдық көліктердің қатынау аралығын өз көзімізбен тексеріп көрмек болып алдымен Достық көшесі бойындағы «Керуен» сауда-ойын-сауық және сауда орталығы аялдамасына келіп тұрдық. Бұл арадан №№ 12, 32, 40, 46, 56 автобус бағыттары қатынайды екен. Сағат 12.05-те келіп, түскі бірге жиырма минут қалғанша тұрғанымызда № 40 бағыттың қатынау аралығы 20 минуттан асатынын аңғардық. Негізінде бұл автобустың қатынау аралығы сол аялдамада көрсетілген қозғалыс кестесінде 7-10 минут деп көрсетілген. Қоғамдық көліктер жиырма минуттан сәл асқанда келсе де, жолаушылар «бұған да, шүкір» дейді. Ал «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық және сауда орталығынан «Промышленный» тұрғын үй алабына қатынайтын №56 маршруттың қатынау аралығы 30 минуттан да асып кетті. Біз бұл аялдамаға келгеннен кейін сағат 12.36-да ғана №56 автобус келді. Біз өзіміз бұл автобусты жарты сағаттан астам уақыт күттік. Оның алдындағысы мына аялдамадан қашан өткенін, бір құдайым білсін. Кейбір жолаушылар оның аралық қатынасы жарты сағаттан да асып кететінін айтады. Сағатқа жуық уақыт тұрғанда «Керуен» аялдамасынан №12, 46, 32 маршруттардың біршама жақсы қатынайтынын байқадық.
Содан кейін Сауран көшесі бойындағы «Есіл ауданы ХҚКО» аялдамасына барып тұрғанбыз. Бұл арадан №52 автобус нашар қатынайтын болып шықты. Жүру аралығы кейде 25, кейде 30 минутқа созылатын автобус бұл арадан Сәкен Сейфуллин мен Шоқан Уәлиханов көшесі қиылысында орналасқан «Астаналық базарға» қатынайтын жалғыз қоғамдық көлік. Сол себептен, ол автобусты күтетіндердің қарасы мол көрінді.
- Жасыратыны жоқ, азық-түліктің көп бөлігін, басқа да тауар түрлерін «Астаналық базардан» барып аламыз. Мына сол жағалауда көптеген тауар түрлері қымбаттау. Сол себепті оң жағалауда орналасқан базарға жиі қатынаймыз. Ал бұл жақтан жалғыз ғана № 52 маршрут жүреді. Неге бұлай жасап қойған, түсінбеймін. Халық жиі қатынайтын бағытқа бірнеше қоғамдық көлік жүруі керек қой. Автобус бағыттарын ұйымдастырғанда осы жағы ескерілмеген. Енді зардабын халық тартып отыр. Базарға баратын жалғыз автобусты жарты сағаттап күтеміз, - дейді біз әңгімеге тартқан Айнұр Қуанышбаева. Өзге жолаушылар да Айнұрдың айтқанын жан-жақтан қоштап, «халықтың тілегін құзырлы органдарға жеткізіңіз» деп жатыр.
Бұл №52 автобустың жыры барлық бағыттағылардан да басымдау ма деп қалдық. Ботагөз есімді қарындасымыз осы автобусты бірінде Достық көшесіндегі аялдамадан 1 сағат, жиырма минут күтіп әбден тоңып қалыпты. Сөйтсе, ол автобус ың-шыңсыз жүру бағытын өзгертіп, Сауран көшесімен келе жатып сол Достықтың бойындағы аялдамаға жетпей, Сығанақ көшесіне бұрылып кетеді екен де, одан әрі Орынбор көшесіне түсіп бұрынғы бағытымен «Астаналық базарынан» бір-ақ шығады екен. Автобустың бағытында сәл өзгеріс бары жұртшылыққа хабарланбаған. Былай қарағанда, сәл ғана өзгеріс жасалғанымен, талай адам ол автобусты бұрылыстағы Достық көшесіндегі аялдамадан тосып, біраз жүйкелерін жұқартып, ақырында такси жалдап кетуге мәжбүр болған. №52 маршрут енді осы бекітілген бағытымен қатынай берсе жақсы ғой, кейде әдейі жолаушылардың жүйкесінде ойнайын дегендей, «Астаналық базар» жағынан Орынбор көшесімен Министрліктер үйінің алдымен келе жатқанда жаңа белгіленген бағыты - Сығанақ көшесімен жүрмей, Достыққа бұрылып кетеді. Келесіде көңілі соғып жатса, Сығанақтың бойымен сырғыта жөнеледі. Былайша айтқанда, дәл осы аралықтағы таңдауды жүргізушінің «көңіл-күй ауаны» шешетін болып шықты. Осы жайды баяндаған Болатбек есімді жігіт Керуен, Бәйтерек маңында жүргенде «52 автобус қай көшемен өтер екен, қай аялдамаға барғаным дұрыс?» деп талай басы қатып ойланғанын жеткізді. Мұндай күйді көп жолаушы бастан кешкені анық.
Бұдан соң біз Керей, Жәнібек хандар көшесі бойындағы (ұлттық ғылыми орталықтар ғимаратының тұсы) аялдамаға барғанбыз. Аялдамада автобус күткендер № 43 бағыттың нашар қатынайтынын жарыса жеткізді.
- Менің жұмыс орным Сарыарқа мен Кенесары көшелерінің қиылысар тұсында орналасқан. Бұл арадан № 43 маршрут қатынайды. Өте сирек жүретін автобус. Жарты сағаттан да көп күтетін кездеріміз болады. Сенбі-жексенбі күндері «Шанхай» мен «Шарын» базарына бару бір қиямет-қайым. Осы ауданнан ол базарларға жалғыз №43 автобус қатынайды. Қатынау аралығы әлгіндей ұзақ болған соң, автобуста аяқ басар орын болмайды. Оның үстіне бәрі базарға барады ғой, соған жеткенше аяғымыз езіліп, тірсегіміз талып зорға дегенде жетеміз. Базардан бері қайтқанда одан өткен сорақы жағдай болады. Қолға ұстаған екі-үш пакетің жыртылып, ішіндегі заттарың төгіліп, аяққа тапталып ит-сілікпеміз шығып келеміз. Үнемі такси жалдауға азғантай жалақымыз мүмкіндік бермейді. Алған заттарым шағындау ғой деп, ақшаңды үнемдегің келіп мінесің автобусқа. Тағы бір айтатын жай, бұл №43 бағытта қатынайтын автобустардың бәрі ескі, іші май ма, сондай бірдеңенің иісі аңқып тұрады. Демалуға қолайсыз, жүрегіміз лобып, ішіміздегіні ақтаруға шақ қалатынымыз да рас, - дейді Әзиза Илясова есімді қала тұрғыны.
Осы аялдамада сағатқа жуық уақыт тұрып, №43 маршруттың қалай қатынайтынын өз көзімізбен көрдік. Аялдамадағы жолаушылар айтқаны рас екен. Жүйкені жұқартып, төзіміңді түгесіп барып біреуі жетеді. Сол күні жұмыс уақыты болса да, адам қарасы көптігі байқалды. Сенбі-жексенбі күндері бұл автобуста Әзиза айтқандай, аяқ басар орын болмайтынын жұмыс күні-ақ шамаладық.
Сол күнгі сапарымызда қай аялдамаға барсақ та автобус күтіп сарылған халықты көрдік. Аялдамадағы қозғалыс кестелерінде жүру аралығы 7-12, 10-15 минут деп көрсетілген автобустардың көпшілігі жақсы қатынағанда жиырма минутқа жетіп бір келетіні де байқалды. Астанадағы аялдама - адамның жүйкесін жұқартатын жер екен. Қазіргі инновациялық қарқынды даму заманында аялдамада 15 минут тұрғанның өзі - «Ғасырдан да ұзақ күн» екенін аялдамада автобус күткендер жақсы біледі. Қала әкімінің қоғамдық көліктердің қызмет сапасына қатысты айтқан сынынан автобус паркінің қожайындары, жолаушы тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындар тиісті қорытынды шығарып, елордадағы жағдайды ретке келтірер деп сенеміз.
Меңдолла ШАМҰРАТОВ
Тақырыпқа тұздық
Астана қаласы Жолаушылар көлігі басқармасы бастығының орынбасары Әбдіхамит Тамабаев қоғамдық көлік қатынасы мәселесіне байланысты былайша түсінік береді:
-Қазіргі уақытта қала ішілік жолаушылар тасымалында қатынас аралығы ұзақтау маршруттар бар екені рас. Осы олқылықты орнын толтыру мақсатында өткен жазда маршруттар санын 52-ден 63-ке өсірдік. Жоспарға сәйкес, қолданыстағы автобустардың саны да 748-ден 878-ге көбейді. Жаңадан 358 автобус алынды.
Қазіргі уақытта осы автобустарға жүргізушілер жетіспей жатыр. Мәселен, бір бағытқа 15 автобус шығу керек болса, бүгінде шамамен 12 автобус шығады. Сол себептен кейбір маршруттардың қатынау аралығы қашықтау болып отыр. Жүргізушілер қоғамдық көлікті басқаруға бір күнде отырғызылмайды.
Олар біліктілігі бойынша арнайы курстардан өтіп, сынақ тапсырады, кейбірі өте алмай жатады. Бұл мәселе сондықтан белгілі бір уақыт өткенде шешіледі. Ал бір бағытқа жалғыз маршрут қатынайды дегенге келсек, ол қалыпты жағдай. Екі маршрут бекітілуі міндетті емес. Мұндай жағдайда жолаушы автобус алмастырып баруына болады. Екі маршрутпен жүретіндер айлық жол жүру билетін алса тиімді. Сосын қала ішіндегі көлік тығынын да ескеру керек. Мәселен, №43-маршрутты сіз жарты сағат күтсеңіз, сізден кейін келесісі 2-5 минуттан кейін өтуі мүмкін. Осындай жағдайды да ескерген абзал.