Астанада автобустың өртенуіне не себеп болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Astana LRT» компаниясы жолаушылар автобусынан шыққан өртке не себеп болғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өрттің шығуына артқы сол жақ дөңгелектің тежегіш қалыбының сыналанып қалуы себеп болған. От шыққан кезде автобус сағатына 11 шақырым жылдамдықпен келе жатқан», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.
«Astana LRT» компаниясы сонымен қатар, тілсіз жаудың артқы сол жақ дөңгелекке, кузов қаптамасына, автобус салонының панеліне зақым келтіргенін хабарлады.
«Тілсіз жауды оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер ауыздықтады. Қазіргі уақытта оқиға орнында техникалық қызмет бригадасы жұмыс атқарып жатыр. Тежегіш жүйесінен шыққан олқылық реттелуде. Алдағы уақытта күрделі жөндеуден өткізу үшін аталмыш көлік құралы автобус паркіне жеткізілетін болады», - делінген компанияның хабарламасында.
Еске сала кетсек, бұған дейін елордадағы Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылында №41 автобустан өрт шыққанын хабарлаған болатынбыз.
«3 қаңтар күні өртке қарсы қызмет пультіне Астанадағы Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылында №41 автобустың өртенгені туралы ақпарат келіп түсті. Нақтырақ айтқанда, автобустың артқы дөңгелегі өртенген. Өрт шыққаны 12:36 кезінде анықталып, сағат 12:38-де сөндірілді. Зардап шеккендер немесе жарақат алғандар жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр», - деп хабарлаған еді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен.