Астанада автокөліктегі өрттің алдын алуға бағытталған акция өтуде

Ведомствоның хабарлауынша, автокөліктің өртенуінің басты себептерінің қатарына қысқа тұйықталу, жылыту жүйесінің ауытқуы мен отты абайсыз қолдану жатады.
«Астана қаласы бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2013 жылы автокөліктердегі өрттердің саны өскені байқалады. Осылайша, жыл басынан бері Астана қаласында 173 өрт орын алған. Материалдық залалдың көлемі 12 млн. теңгеден асқан»,- делінген ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Осыған байланысты, Астана қаласы ТЖД Сарыарқа аудандық ТЖБ мен Астана қаласы ӘПБ бірлесіп автокөліктердегі өрттің алдын алуға бағытталған бірқатар үгіт-насихат іс-шараларын жүргізуді қолға алды. Атап айтқанда, Басқармалардың өкілдері мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері көліктердегі өрттің алдын алуға бағытталған үгіт-насихат парақшаларын таратты.
Сонымен қатар, автокөлік иелері көп жиналатын ғимараттарда (мамандандырылған автокөлік ХҚКО, көлік құралдарын тіркеуге қою орындарында) арнайы плакаттар ілінген. Осы орындарда өрттің алдын алуға бағытталған бейнематериалдар көрсетіледі. Автокөліктердегі өрттердің алдын алуға бағытталған іс-шара 12 желтоқсанда басталып, үстіміздегі жылдың соңына дейін жалғасады.