Астанада автономды жылу қазандығы бар тұрғын үйлер газға ауыстырылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған тұрғын үй кешендері газбен қамтылады.

Астанада автономды жылу қазандығы бар тұрғын үйлер газға ауыстырылып жатыр
Фото: АО «QazaqGaz» ҰК

Астана қалалық энергетика басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Есмағұлов қаланы газдандыру жұмыстары туралы баяндады.

– Газ келгелі автономды жылу қазандықтары мәселесі шешіліп келеді. Былтырдан бастап пробелмалық тұрғын үй кешендері газға ауыстырылды. Бәрімізге жақсы мәлім, «Будапешт», «Бостон» секілді ТК тұрғындары сұйытылған газға ақша жинай алмай, түнде жылуы тоқтап қалатын мәселені көтерген еді. Қазір біраз тұрғын үй табиғи газға ауысып, орталықтандырылған газ жүйесіне қосылды, - деді М. Есмағұлов қалалық мәслихат отырысында.

Сондай-ақ, орталықтандырылған газ жүйесіне жылу электр орталықтары да қосылған.

– Қаладағы барлық ЖЭО-лар газбен жұмыс істейді. ЖЭО-1-де 10 қазандық, ЖЭО-2-де 6 қазандық газбен жұмыс істесе, ЖЭО-3 газдың көмегімен уақытылы іске қосылды және өзінің жобалық қажетті жылуын беріп отыр. Газдың келуімен Қазақстанда баламасы жоқ екі үлкен газ қазандығы – «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» іске қосылды, - деді спикер.

Қазір қаланы газдандыратын 2 автоматтандырылған газ тарату станциясы жұмыс істеп тұр. Әрбірінің қуатын сағатына 230 мың текше метрді құрайды.

– Бірақ қала осы көрсеткіштерге жақындап келеді. Ақмола облысына қарасты жақын маңдағы Қоянды, Ақмол аумақтары бізге қосылып, тұтыну деңгейі өседі. Сондықтан үшінші автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы басталды, бұл қаламызға сағатына 310 мың текше метр газ бере алады, - деді М. Есмағұлов.

Аайта кетейік, Астанада 20 мың жер үйдің 12 мыңы табиғи газға көшірілген және қала бойынша 8 шақырымнан астам газ құбыры тартылған

Соңғы жаңалықтар