Астанада авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару жөнінде семинар өтті
АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат - Кешеден бері Астана қаласында екі күндік «Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару» тақырыбында халықаралық семинар болып өтті.
Екі күнге жалғасқан шараны Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитетімен бірлесе отырып, сондай-ақ Авторлар мен композиторлар қоғамдарының халықаралық конфедерациясының және Қайта шығару жөніндегі ұйымдардың халықаралық федерациясының ынтымақтасуымен ұйымдастырды. Сонымен қатар, жиынды өткізуге «Абырой» авторлық қоғамы», «Қазақстан орындаушыларының құқықтарын басқару қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестіктерінің және «Ұлттық репрографиялық құқықтар жөніндегі қоғамы» қоғамдық бірлестігі қолдау білдірген.
Семинар барысында сөз сөйлеген ҚР Әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аманбаев басқосудың Зияткерлік меншік құқығы комитетінің құрылғанына 10 жыл толуына сәйкес келгенін айтып, өткен онжылдықта атқарылған шараларға да шолу жасап өтті. «Өткен 10 жыл ішінде Комитет негізгі халықаралық актілерге сәйкес келетін ұлттық заңнаманы қалыптастыру бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғаса түседі. Ал ендігі күні Біріңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыруға және Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі бойынша келіссөздер өткізуге байланысты зияткерлік меншікті барабар қорғауды қамтамасыз етудің маңыздылығы артып отыр. Бұл ретте мемлекеттік органдардың декларативті нормалар қабылдауы жеткіліксіз екендігін, олардың жұмыс тиімділігін арттыра түсу қажеттігін баса айтқым келеді», - деді Ә. Аманбаев. Сонымен қатар, екі күндік семинар барысында авторлық құқық және ұжымдық басқару мәселелері, заманауи міндеттер және заңнамадағы соңғы өзгерістер жайында сөз болып, баспалық істе мәтіндік мәселені, бейне жұмыстарда құқықтарды басқару мәселелері талқыға түсті. Қатысушылар дыбыстау бейнелеу туындыларын репрографиялық қайта шығару бойынша, сондай-ақ Біріңғай экономикалық кеңістіктің қатысушы мемлекеттерінң зияткерлік меншікті қорғау бойынша өзара іс-әрекеттері туралы әңгіме өрбітіп, пікір алмасты.