23:25, 06 Ақпан 2019 | GMT +5
Астанада аялдамаға соғылған автобустың жүргізушісі жазаланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана LRT» компаниясының баспасөз қызметі аялдама павильонына кіріп кеткен автобустың жүргізушісіне қатысты қандай шара қабылданғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, елордада 5 ақпан күні қоғамдық көліктердің бірі аялдама павильонына соғылып, жол-көлік оқиғасы салдарынан 1 адам жарақат алған болатын.
«Аталған оқиға бойынша Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырды. Автобустың жүргізушісі бұрын жол-көлік оқиғасына түспеген. Көлік жүргізушісі ретінде алты жыл тәжірибесі бар. Автопарк басшылығы жүргізушіні қызметінен айырып, қара тізімге енгізу туралы шешім қабылдады. Ол дегеніңіз аталмыш жүргізушінің елордадағы қоғамдық көлікте жұмыс атқара алмайтынын білдіреді», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі редакцияның сауал хатына берген жауабында.
Авторы: Азамат Сыздықбаев