Астанада «Айбын-2026» халықаралық жиынына жолдама алған командалар анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы 68665 әскери бөлімінің базасында XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиынының қалалық іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шараға Қарулы күштердің ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері, қоғам белсенділері және Алматы, Байқоңыр, Сарыарқа, Нұра, Есіл және Сарайшық аудандарынан келген 130 жас патриот қатысты.
Жарыс бағдарламасына пневматикалық винтовкадан ату, күш жаттығулары, автоматты жартылай бөлшектеу және жинау, арқан тарту, әскери-спорттық эстафета, кросс, Smart Sarbaz робототехника жарысы секілді әскери-қолданбалы және интеллектуалдық сайыстар енді.
— «Айбын» әскери-патриоттық жиыны жасөспірімдерде патриотизм мен жауапкершілік сезімін қалыптастырып, олардың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Бұл жастар форумы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді және осы уақыт ішінде тәжірибе алмасуға арналған халықаралық алаңға айналды, — деді Қарулы Күштер ардагерлері РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов.
Астаналық «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы филиалының төрағасы Айдархан Маханбет те жастардың халықаралық жиында Астананың намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдірді. Өйткені олардың мұндай жарыстарға қатысу тәжірибесі бар.
— Өткен жылы мен Ақтөбе қаласында өткен халықаралық жиынға қатыстым. Енді Щучинск қаласында елорданың намысын қорғаймыз. Бұл жарыстарға қатысу менің мамандық таңдауымда үлкен рөл атқарды. Құқық қорғау органдарында қызмет еткім келеді, — деді № 87 мектеп оқушысы Асылым Тоқыбаева.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Есіл — Нұра аудандарының командасы бірінші орынды иеленді, Сарыарқа — екінші, Байқоңыр — Сарайшық — үшінші орынға тұрақтады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, ал қатысушылар медальдармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Іріктеуден сәтті өткен командалар 21–27 маусым аралығында Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледждің Щучинск қаласындағы «Амандық» полигонында өтетін «Айбын» халықаралық жиынының финалында Астана намысын қорғайды.
Бұған дейін Бурабайда өтетін халықаралық «Айбын» жиынына 6 елдің командалары қатысатынын жазғанбыз.