Астанада «Әйгілі Әзаға» кітабының тұсаукесері өтті
АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Әйгілі Әзаға» атты естеліктер мен эсселер жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлады жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Жақында Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік және А.А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, қазақтың біртуар перзенті Әзілхан Нұршайықов туралы «ӘЙГІЛІ ӘЗАҒА» атты естеліктер мен эсселер жинағын құрастырған белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Мұратбек Тоқтағазин.
Кітапқа 72 автор енген, көлемі 35 баспа табақ. Оның 55-і естеліктер мен эсселер жазғандар болса, қалған 17-сі Әзағаңа өлең арнаған ақындар.
«Әйгілі Әзаға» Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалинның «Өрісі кең өркенді тұлға» атты алғысөзімен ашылған. Одан кейін Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Ғарифолла Есімнің («Жаны жомарт жан еді»), профессор, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішевтің («Қос қанатты дарын»), Қазақстанның халық жазушылары Қабдеш Жұмаділов («Әділет үшін алысқанбыз...») пен Әкім Таразидың («Шындықтың шырақшысы еді») жүрекжарды естеліктері орналасқан. Одан кейін халқымыздың біртума перзенттері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Абай Тасболатов, Нұртай Сәбильянов, Бақытбек Смағұл, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, профессор, жазушы Әбілфайыз Ыдырысов пен белгілі ақын Мыңбай Рәш ағаның сырға толы ой-толғаныстары жарияланған. Медеу Сәрсеке, Оразақын Асқар, Сапабек Әсіпұлы, Бақытжан Момышұлы, Кәдірбек Сегізбайұлы, Тоқтар Бейісқұлов, Мамытбек Қалдыбай, Әшірбек Көпіш, Әділғазы Қайырбеков, Айгүл Кемелбаева, Роза Мұқанова секілді қаламгерлердің естеліктері бар. Әрқайсысы асыл ағаның жұрт біле бермейтін тың деректерін көркем тілмен мөлдірете жазған.
Белгілі қаламгерлер Сарбас Ақтаев, Уақап Қыдырханұлы, Мамадияр Жақып, Қасымхан Ерсарин, Қайсар Әлім, Қали Сәрсенбай тәрізді қаламгерлер оқырман қауымды бей-жай қалдырмайтын жайттарды тілге тиек етіп, қарымды қаламгер бейнесін әр қырынан мүсіндеген. Кітапта бір топ ғылым докторларының естеліктері бар. Олар: Бекет Тұрғараев, Арап Еспенбетов, Құлбек Ергөбек, Қансейіт Әбдезұлы, Есберген Алаухан, Бауыржан Омаров, Нұрдәулет Ақыш, Рахымжан Тұрысбек. Әзағаңның шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғаған бес адамның барлығы естеліктерін ұсыныпты. Олар Сәлима Қалқабаева, Қарлығаш Нұрымова, Шайза Доскеева, Арайлым Кенжеғарина, Мұратбек Тоқтағазин.
Әзағамен туыстық байланысы бар шымкенттік ақсақал, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Нұр-Мұхамед қажы Әжіметұлы, сонымен қатар Ә. Нұршайықовтың достары әрі бауырлары болып кеткен Әбдісалы Байназаров, Молдәлі Қолдас, Серікқазы Қорабай, Адай Азаматов, Нағашыбек Қапалбекұлы, Елеусін Бейсенов, Бағлан Батыршаев, Гүлнар Байсаламова, Сергей Азимовтар тамаша естеліктерін жариялапты.
Жезтаңдай әнші, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен кезінде қаламгер ағамызға үнемі қамқорлық көзқараспен қараған қоғам және ғылым қайраткері Шәмшә Беркімбаева, Әзағаның қызы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанар Нұршайықова да тамаша лебіздерін шын ықыласпен жазыпты.
Сонымен қатар «Әйгілі Әзаға» кітабында естеліктерін ұсынған авторлар туралы Әзілхан Нұршайықовтың әдеби күнделіктерінде жазып кеткен лебіздерін «Қосымшалар мен түсініктер» деген бөлімде «ӘЗАҒАҢ...ДЕГЕН ЕКЕН немесе естелік жазған авторлар туралы жазушы жазбаларынан» атты қосалқы пікірлер циклы беріліпті. Онда естелік жазуға қатысушылардың көпшілігі туралы баға берілген ой-тұжырымдар жетерлік. Сондықтан мұны осы кітаптың формалық ерекшелігі деуге болады.
Астанадағы «Фолиант» баспасы кітапты өз есебінен шығарыпты. Бастаманы аталмыш баспаның директоры, ұлтжанды әрі жайсаң азамат Нұрлан Исабеков қызу қолдапты. Ал кітапты алғысы келген оқырмандар аталмыщ баспаға хабарласуларына болады.
24 сәуірде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде осы оқу ордасының ректоры Ерлан Бәттәшұлы Сыдықовтың бастамасымен ғалым-журналист Мұратбек Тоқтағазиннің құрастыруымен шыққан «Әйгілі Әзаға» жинағының және осы автордың «Деректілік пен көркемдік» атты кітабінің тұсаукесер рәсімі болып өтті. Онда Қазақстанға белгілі зиялы қауым өкілдері аталмыш кітаптар жайлы жылы лебіздерін білдіріп, кеш соңында Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы негізінде студенттік «Шаңырақ» театры әзірлеген спектакльдың премьерасы болды.
Әдеби-мәдени шара барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Абай Тасболатов, Бақытбек Смағұл, республикалық «Егемен Қазақстан» газеті» акционерік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов, белгілі ардагер тележурналист Сұлтан Оразалинов, филология ғалымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек сөз сөйлеп, автордың қос кітабы туралы және Әзаға хақында жылы лебіздерін білдірді.
Еске алу кеші соңында Л.Н.Гумилев атындағы Ұлттық университеті жанынан құрылған «Шаңырақ» студенттік театры «Махаббат, қызық мол жылдар» романы желісімен әзірленген спектакльдің премьерасы қойылды.