Астанада әйгілі француздық «Нотр-Дам де Пари» мюзиклі қойылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар жақын арада әйгілі Виктор Гюгоның романы желісінде жазылған «Нотр-Дам де Пари» мюзиклін тамашалай алады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында «Astana Musical» театрының көркемдік жетекшісі, «Қазақконцерт» МКҰ бас директоры Асхат Маемиров мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Келесі жылы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай, біз «Нотр-Дам де Пари» мюзиклін көрсетуді көздеп отырмыз. Бізде қазіргі уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Парижде өткен жиында мюзиклдің бас продюссерімен алдын ала келіссөз жүргізіп қойдым. Олар серіктесе жұмыс атқаруға әзір екендіктерін білдірді. Бүгінгі таңда франшизаны сатып алмақпыз», - дейді Асхат Маемиров.
Оның айтуынша, Астанаға француз режиссерлері мен балетмейстері келіп, қазақстандық әріптестеріне шеберлік сағатын өткізеді.
«Бұл біз үшін өте ауқымды тәжірибе болмақ. Сонымен бірге, алғашқы үш нөмірге басты рөлді ойнаған Эсмеральда мен белгілі әнші Патрик Фьориді шақырмақшымыз. Олардың жолын дәл осы әлемге әйгілі «Нотр-Дам де Пари» ашып берген. Бұл мюзиклдің Гиннестің Рекордтар кітабына енгенін айта кеткім келеді», - дейді ол.
Асхат Маемиров бұл жобаны жүзеге асыруға көмектескен адамдардың барлығына алғысын білдірді.
«Мюзикл үшін барлығына зор алғысымды білдіргім келеді. Себебі, ол өте қымбат жанр. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауынсыз біз бұған қолжеткізе алмас едік. Себебі, қалалық бюджеттен қаражат алып отырған кез келген театр мұндай дәрежедегі мюзиклді қоя алмайды», - дейді Асхат Маемиров.