Астанада аз қамсыздандырылған отбасыдан шыққан студенттерге әлеуметтік көмек көрсетілді

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Астанада аз қамсыздандырылған отбасыдан шыққан студенттерге әлеуметтік көмек көрсетілді, оларға электронды кітаптар табысталды. Бұл туралы astana.kz сайтына Балалардың құқықтарын қорғау басқармасынан хабарлады.

Астанада аз қамсыздандырылған отбасыдан шыққан студенттерге әлеуметтік көмек көрсетілді

«Қамқорлық» республикалық акциясы аясында аз қамсыздандырылған және көп балалы отбасыдан шыққан екі студентке қайырымдылық көмек көрсетілді. Айта кетейік, іс-шараны қалалық Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы «Даналық» колледжімен бірлесіп ұйымдастырды.

«Жыл сайынғы «Қамқорлық» республикалық акциясы алтыншы жыл қатарынан өткізіліп келеді. Акция барысында жаппай оқу қоры арқылы аз қамсыздандырылған отбасылардан шыққан балаларға қол ұшын беруге баса назар аударылады. Биыл білім мекемелеріндегі жұмысты жандандырамыз және аталмыш іс-шараны өткізуге демеушілерді: үкіметтік емес ұйымдарды, қоғамдық қорларды да тартып отырмыз», - деді Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Римма Иманғазинова astana.kz сайтына берген сұхбатында.

Еске салайық, «Қамқорлық» акциясы аз қамсыздандырылған және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсету мақсатында 10 қаңтардан 10 ақпанға дейін өткізіледі. Акция аясында тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 3 мыңға жуық балаға жәрдем беру көзделген.