Астанада азаматтарға 20 млн теңгеден астам шығын келтірген пәтер ұрылары құрықталды

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Криминалдық полиция қызметкерлері Астана тұрғындарына 20 миллион теңгеден астам шығын келтірген пәтер ұрыларын, кезекті қылмыстық әрекеттерінің үстінде қолға түсірді.

Астанада азаматтарға 20 млн теңгеден астам шығын келтірген пәтер ұрылары құрықталды
Бұл туралы бүгін апталық брифингте ІІД Тіл саясаты және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның атап көрсеткеніндей, қылмыстық топ құқық қорғаушылардың назарына іліккеніне біраз уақыт болған. Жәбірленушілер өз пәтерлерінің тоналғанын білмей тұрып, полиция қызметкерлері пәтер ұрлығының орын алатынын алдын ала болжап отырған. Қылмыскерлердің автокөлігін және жеке мүліктерін тексеру барысында ұрланған құнды заттар табылды. Олар бір күнде 4 пәтерді тонап үлгерген.Анықталғандай, үш қылмыскердің екеуі Ақмола облысының, біреуі елорданың тұрғыны. Барлығы да бұрын сотты болған. Олардан тәркіленген заттар қылмыстық істі қозғауға мүмкіндік туғызды. Қазір қылмыскерлер Астана қаласы ІІД уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. «Күдіктілер бүгінгі күннің өзінде елордада 20 қылмыс жасағандығын мойындап отыр. Азаматтарға келтірілген шығынның жалпы сомасы 20 миллион теңгеден асады. Факті бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 175 бабы 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталмыш бапқа сәйкес күдіктілердің мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін», деді Н.Ораз.