Астанада азаматтарға тегін заңдық кеңес беретін «Заң кабинеті» жобасы таныстырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Облыс орталықтарындағы ХҚКО-на күн сайын мыңға жуық, ал Астана мен Алматы қалаларында әрбір бөлімшеге 3 мыңға жуық азамат келеді. Мұндай мәліметтерді бүгін Астанада Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы азаматтарға құқықтық көмек көрсететін «Заң кабинеті» жобасының таныстырылымында Law Companies Group Lunev Waters компаниясының Бас директоры Илья Лунев айтты.
«Көп жағдайда ХҚКО-ға келушілер құқықтық көмекке, оның ішінде заңдық кеңес алуға мұқтаж болады. Мұндай жағдайда азаматтарға заң тұрғысындағы мәселелерді шешу үшін ХҚКО-да қажетті құқықтық кеңес беретін кәсіби заңгерлердің болмауына байланысты қиындықтар туындауы мүмкін. Сонымен қатар, аталған тұлғалар үшін заңгерлер тарапынан берілетін құқықтық кеңестер тәуелсіз болғаны абзал», - деп атап өтті И. Лунев. Оның айтуынша, аталмыш компания «Заң кабинеті» аясында «Сіздің сенімді кеңесшіңіз» жобасын жүзеге асыруда. Ол жоба шеңберінде барша қазақстандық азаматтарға құқықтық кеңес беру қызметі ұсынылады. Жоба қазірдің өзінде ел арасында сенімге ие болып, олардың жоғары бағасын алуда. «Сіздің сенімді кеңесшіңіз» жобасы жеке-жеке тармақтарға жіктелген: «Өкілетті өкіл» жобасы Бәйтерек монументі, Конгресс Холл, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Көрме орталығы сияқты мемлекеттік маңызды орындарда жүзеге асырылады. Сонымен қатар, «Мемлекеттік қызметкерлерге заңдық көмек көрсету орталығы» және ЖОО-лармен бірлесе жүзеге асыру жоспарланған «Заң клиникасы» сияқты жобалар бар. Тағы бір жоба бүгінде қолданыста бар «Нұр Отан» ХДП-ның қоғамдық қабылдауларындағы «Сіздің халықтық кеңесшіңіз» деп аталатын жоба. Сондай-ақ, Оқушылар сарайы негізінде арнайы балалара үйірмелерін ашу да жоспарланған», - деп атап өтті И. Лунев. Компания басшысының айтуынша, «Заң кабинеті» жобасын жүзеге асыруда бюджеттік қаражаттан шығын шықпайды. Өйткені заңдық кеңестер тегін көрсетіледі, ал кеңес берушілер заң компаниясының қызметкерлері болып табылады. ХҚКО азаматтардың құқықтық кеңестер алуына жағдай жасау үшін заңгерлерге операциялық зал ішінде бір орын немесе жеке бөлме бөліп береді. «Заң кабинеті» жобасы мемлекеттік құзырлы органның миссиясы мен қызметтерін тиімді орындауға көмек береді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының халыққа жолдауында жария еткен тапсырмаларын жүзеге асыруға септігін тигізеді. Бастысы, тұрғындардың құқықтық мәдениетін көтеріп, құқықтық нигилизмді жоюға ықпал етеді», - деп атап өтті И. Лунев. Айта кетейік, қазір жобаның бастапқы кезеңі еліміздің бірқатар облыс орталықтарында іске қосылды. Олар Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы қалалары. Алдағы уақытта «Заң кабинеті» еліміздің барлық аймақтарын қамтып, аудандық деңгейде қызмет көрсетеді деген жоспар бар. Заң кабинетінің жұмыс істеу тәртібі ХҚКО-ның күн тәртібіне сәйкес сенбі, жексенбі күндерден өзге күнделікті сағат 9:00-20:00 аралығында.