Астанада Азия-Тынық мұхит елдерінің «Еуровидениесі» өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Еуровидение» конкурсының баламасы ретінде өткізілетін Азия-Тынық мұхит елдерінің «ABU Radio Song Festival» ән байқауы биыл Астанада өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Азия-Тынық мұхит хабар тарату одағына мүше 10 мемлекеттің әртістері қатысады. Нақтырақ айтқанда, ән сайысында Түркия, Непал, Мальдив, Қазақстан, Үндістан, Қытай, Ауғанстан, Индонезия, Вьетнам, Түрікменстан елдерінің әншілері өзара бақ сынасады. Фестивальде Қазақстанның намысын жас орындаушылар Рүстем Жүгінісов пен Джордан Аракелян қорғайды», - деді «Қазмедиа орталығының» бас директоры Ләззат Жүнісова.
Қазақстан биыл аталған фестивальді өткізетін Орталық Азиядағы бірінші ел болып отыр. Айтулы шара 11 шілде күні сағат 19:00-де «Қазмедиа орталығының» киноконцерт залында басталады. Кіру тегін.
Ләззат Жүнісованың айтуынша, фестиваль радиоформат түрінде «Қазақ радиосы» арқылы таратылады. Ал сайыстың телевизиялық нұсқасын «Kazakh TV» арнасынан көруге болады. Сонымен қатар, фестивальдың тікелей эфирдегі таратылымы Түрікменстан, Ауғанстан, Непал, Индонезия мен Мальдив аралдарында жүргізіледі.
Еске сала кетсек, аталмыш байқау елорданың 20 жылдық мерейтойы құрметіне 10-12 шілде аралағында Астанада өтетін «Азия медиа диалогы» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. «Азия медиа диалогы» аясында семинарлар, конференциялар өткізіледі.