Астанада азық-түлік және медициналық өнім өндірушілерінің семинары ашылды
АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Астана қаласында «Азық-түлік пен медициналық өнімдерді электронды зарарсыздандыру» атты Халықаралық семинар өтті. Оған Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Украина және Қазақстан елдері, сондай-ақ, 22 ұйым қатысты. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, ұлттық компаниялардың өкілдері, бес елдің инновациялық технологиялар саласындағы жан-жақты машықтанған мамандары, сонымен қатар азық-түлік, фармацевтикалық препараттар мен медициналық өнімдерді отандық және шетелдік өндірушілер бар.
Семинарда зарарсыздандыру үшін электрондардың үдеткішін пайдалану, азық-түлік өнімдерін электронды зарарсыздандыру, медициналық бағыттағы өнімдерді электронды зарарсыздандыру сияқты тақырыптар талқыға салынды.
«Ядролық технологиялар паркі» АҚ басқарма бастығы Әділ Төлеушевтің айтуынша, әлемдік тәжірибеде азық-түліктердің әр түрлі түрлері үшін радиациялық өңдеудің оңтайлы жолы анықталып, өнеркәсіптік зерттеулер жасалған. Картоп пен сарымсақты өсіру, кептірілген жемістерді дезинсекциялау, жеміс-жидектердің, көкөністердің, ет пен ет өнімдерінің сақталу мерзімдерін ұзарту үшін, микроағзалардың тіршілік әркеттерін жартылай немесе уақытша басуға, азық-түліктерді өңдеуге арналған жұмыстардың қауіпсіз жағдайы жасалған.
«Ең бастысы, бұл экономикалық пайда мен экологиялық қауіпсіздік мәселесі. Сондықтан біз бүгін осы мәселені жан-жақты талқылап, әлемдік тәжірибе негізінде семинарға қатысушы елдердің азық-түлік және медициналық тауарларын электрондық залалсыздандыру әдістерінің заманауи бет-бейнесін қалыптастыру үстіндеміз», - деп атап өтті ол.
Шараны ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен «Ядролық технологиялар паркі» АҚ ұйымдастырып отыр.