Астанада БАҚ өкілдері бильярдтан шеберлік сынасты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада ҚР Бас прокуратурасының ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында бильярдтан турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Тәуелсіздігінің және прокуратура органдарының 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шараға танымал журналист Нұртілеу Иманғалиұлы, қоғам қайраткері Намазалы Омаш, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, «Егемен Қазақстан» басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ, белгілі спорт журналисі, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші Несіп Жүнісбай, жазушы Сәдібек Түгел сынды 20-дан астам журналист қатысты.
«Күні кеше ғана Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын атап өттік. Халқымыздың осынау ұлық мерекесімен қатар еліміздің дербес қадағалаушы органының құрылғанына да ширек ғасыр толып отыр. Атаулы қос мерекеге орай ұйымдастырылған бүгінгі турниріміздің жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймыз. Қазақ елінің Бас прокуратурасы тек қадағалаушы орган болып қана қалмай, қарапайым халық пен билік өкілдері арасында дәнекер көпір болуға дайын. Бұл бағытта БАҚ өкілдерінің үлесі орасан», - деді турнир жеңімпаздарын құттықтаған ҚР Бас прокуратурасы аппараты басшысының орынбасары Нұрділдә Ораз.
Жарыс нәтижесінде бас жүлде тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлына бұйырса, екінші орынға Ұлттық арнадан Әлімжан Сабыржанұлы табан тіреді. Ал үшінші орынды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлы мен «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Марат Ержанов бөлісті. Турнир жеңімпаздарына жүлделі марапаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.