Астанада БАҚ өкілдері асық атып, волейболда бақ сынады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада алғаш рет бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында Спартакиада өтті. Ләңгі тебу, бес асық, асық ату және волейбол секілді ұлттық және командалық ойын түрлерінен 100-ге жуық журналист бақ сынасты.

«Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында өткен бәсекені Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.
– Спартакиаданың басты мақсаты – бұқаралық спортты насихаттау, журналистер арасында салауатты өмір салтын дәріптеу және шығармашылық ұжымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Сонымен қатар бұл шара «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында өткізіліп, ұлттық ойындар арқылы төл мәдениетімізді жаңғыртуға да үлес қосты. Спартакиада – тек сайыс алаңы ғана емес, бұл – кәсіби қарым-қатынасты нығайтатын, сергектік пен серіктестікті арттыратын орта. Бұл жолы да жарыс тартысты өтіп, журналистер өздерінің тек қалам ұстауда ғана емес, спортта да шебер екендіктерін көрсетті. Аталған дәстүрлі шара алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім мол, - дейді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкері Мадина Айтқалиева.
Ләңгі тебу сайысында «Хабар» агенттігінің журналисі Мақсат Серікжанов 83 ұпаймен топ жарды. Жүлделі екінші орын 79 ұпай жинаған «Qazaq radiosy» өкілі Мұқтар Тұртайұлына бұйырды. Ал қола жүлдені «Хабар» агенттігінің тағы бір қатысушысы Мұхаммеджан Теміров 69 ұпаймен еншіледі.
Ал бес асық жарысынан «РТРК Қазақстан» редакторы Нұрғайша Әбдуахит үздік атанды. Екінші орынды Спорттық медициналық орталығының қызметкері Таңшолпан Рыскелдина иемденсе, №10 шайбалы хоккей спорт мектебінен келген Айнұр Умралинова үшінші орынға жайғасты.
Асық ату бәсекесінде қатысушылар командамен бақ сынады. Бұл сайыста «РТРК Қазақстан» командасы жеңімпаз атағына ие болды. Ал «Qazaq radiosy» мен «Хабар» агенттігінің командалары жүлделі үштікті толықтырды.
– Біз асық ату бәсекесінде командамызбен 1-орын алдық. Біздің команданың көшін бастаған Советхан Жағиұлы есімді ардагер ойыншымыз. Одан соң Тілеулес Ертілеуұлы деген ағамыз бар. Ол кісі де ардагер. Сол кісілердің қатарына мен де қосылып, 3 адам 1 асық ату құрамасын жасақтап, алтын медаль алдық. Бұл – біздің бала күнімізден бүгінге дейін тастамай, кейде аулада өзіміздің де бала-шағамызға үйретіп жүрген ойын. Бұл ойын сабырлықты, сақтықты, мергендікті талап етеді, - дейді жеңімпаз атанған құраманың мүшесі Мұхамедәли Болатұлы.
Спартакиадада БАҚ қызметкерлері волейболдан да өзара бақ сынады. Бұл сында «Хабар» агенттігінің командасы финалда «Qazaq radiosy» ұжымын 2:0 есебімен жеңіп, қарсыластарын қапы қалдырды. Үшінші орын үшін өткен кездесуде «Egemen Qazaqstan» ұжымы қалалық спорт басқармасынан құралған «Тарлан» командасын сан соқтырып, жүлделі орынға ие болды.
Шара барысында үздік өнер көрсетіп, төрешілердің көзіне түскен ойыншылар да марапатталды. Журналистер арасында ұйымдастырылған Спартакиададағы үздіктер тізімі мынадай:
Үздік шабуылшы – Жамбыл Жамболат («Qazaq radiosy»)
Үздік үйлестіруші – Баян Сүлейменқызы («Egemen Qazaqstan»)
Үздік ойыншы – Есенбол Иманғазы («Хабар»)
Үздік қорғаушы – Даяна Тоқтағұлова («РСН»)
– Жарыстың ұйымдастыру деңгейі өте жоғары өтті. Қатысушылардың уақытын үнемдеу мақсатында волейбол 2 алаң, асық ату спортынан 2 межелі аймақ болды. Жарыстардың барлығы ешкімнің уақытын жоғалтпай тез өтуіне сеп болды. Ал бәсекеге қатысушылардың бәрі де шебер. Әсіресе, ұлттық спорт түрлерінен бала күнінен ойнаған, өз-өзіне сенімді қатысушылар келді. Сайыс өте тартысты әрі қызықты өтті. Бұл жай ғана жарыс, кездесу емес, мереке екенін де сезіндірді. Осындай шаралардың арқасында көптен көрмеген, тіпті кезінде бірге оқыған әріптестерімізбен де дидарласып жатамыз. Мұндай шаралар жарыстан бөлек әріптестіктің де ары қарай дамуына өз үлесін қосады. Мені бұл шараның алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтетіні қуантты, - дейді жарыс қатысушысы Мұхамедәли Болатұлы.
Бәсеке қатысушыларының ойынына кәсіби мамандар төрелік еткен.
– Жарысқа Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт мектептерінің жоғары санатты жаттықтырушылары мен тәжірибелі бапкерлері төрелік етті. Олар әр спорт түрі бойынша терең білімі мен тәжірибесі бар мамандар ретінде жарыстың әділ әрі тартысты өтуіне үлес қосты. Әсіресе ұлттық ойындарға арнайы маманданған төрешілер қатысып, қатысушылардың шеберлігін дәл әрі ашық бағалады, – дейді ұйымдастырушылар.
Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов, қалалық Коммуникациялар қызметінің басшысы Абзал Досыман және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Азамат Белгибаев шараға арнайы қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Жүлдегерлер кубок, медаль және арнайы дипломдар табысталды.