20:19, 15 Тамыз 2015 | GMT +5
Астанада Бал мерекесі атап өтіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл «Бал мерекесі» 16 тамыз күні Константино-Еленин Соборында өтеді. Бал мерекесі - бал жәрмеңкелерін өткізу дәстүрін қайта жаңғыртатын мереке. Мерекелік шаралар храмдардағы таңғы ғибадаттан басталып, одан соң храмдар аумағында жалғасады.
Көрме-жәрмеңкеде қала тұрғындары мен қонақтары омарташылардан жан-жақты кеңес алып, балдың пайдалы қасиеттері мен түрлері туралы біле алады. Сонымен қатар, сапалы, дәмді және экологиялық таза өнімдер сатып алуға болады.
Қазақстандық Митрополит Александрдың батасымен, «Бал-Ара» Қазақстан омарташыларының ұлттық одағы және қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен бірлесе отырып, шара бір уақытта республиканың бірнеше аймақтарында өткізіледі.
Астанада «Бал мерекесі» бесінші рет өткелі отыр. Жыл сайынғы жәрмеңке мерекесі қаланың барлық тұрғындарына славян мәдениетінің дәстүр, салттарымен танысуға мүмкіндік береді.