Астанада бала тәрбиесінде салғырттық танытқан ата-аналарға қатысты 259 іс қаралған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сот, ІІД қызметкерлері және прокуратура өкілдерінің қатысуымен Астана қаласы ІІД қызметкерлеріне арналған әкімшілік заңнаманың нормаларын қолдану тәжірибесіне қатысты дөңгелек үстел өткізілді.

Астанада бала тәрбиесінде салғырттық танытқан ата-аналарға қатысты 259 іс қаралған

Қалалық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, дөңгелек үстел аясында 2016 жылдың 9 айында Астана қаласы Кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тіркелген және қарастырылған әкімшілік заңнамалар жүйесі мен құқық бұзушылық баптары бойынша істер талқыланды.

Семинарда Астана қалалық сотының судьясы Қазима Айтқалиева біршама сот істері бойынша мәліметтерді келтірді. Аталған уақыт аралығында сотта қаралған істердің статистикалық мәліметтерін алып қарасақ,  ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен оқыту жөнiндегi мiндеттердi орындамауына қатысты 259 іс қаралған, оның ішінде 207 іс бойынша тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 52 тұлғаға қатысты іс өндіріспен тоқтатылған.  Кәмелетке толмағандарға эротикалық мазмұндағы басылымдар, кино- немесе бейнематериалдарды, бейнелердi немесе өзге де заттарды не материалдарды сату бойынша 2 іс қаралып, 2 тұлға жауапкершілікке тартылған.

Кәмелетке толмаған адам жасаған ұсақ бұзақылыққа қатысты 101 іс қаралып,  92 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде болуы бойынша істер жиі қаралады. 9 айда 89 іс қаралып, 78 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылған.

Ата - аналардың бала тәрбиесіне салғырт қарауының нәтижесінде белең алған қылмыстық істер мен әкімшілік құқық бұзушылықтар санын азайту мақсатында бірқатар  профилактикалық жұмыстарының жүргізілу қажеттілігі қызу талқыланды.

Шара барысында судья кейбір істерге қатысты мысалдар келтіріп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс нормалары талаптарының қатаң сақталып, құқықтық қателіктер жібермеу масатында әкімшілік құқық туралы заңнамаға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды үнемі қадағалап отыру жайлы ұсыныстарды тілге тиек етті.

Шара аясында әкімшілік өнідіріске қатысушылардың құқықтары мен бостандықтарының қадағалауды қамтамасыз ету бағытында алда атқарылатын жұмыс барысы талқыланды.