Астанада балабақшалар мен мектептер жылыту маусымына дайындалуда
АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада білім мекемелері жылыту маусымына дайындалып жатыр. Бұл туралы елорданың Білім басқармасына сілтеме жасап astana.kz сайтынан хабарлады.
Жалпы білім беретін 69 мемлекеттік мектептің 56-ы орталықтан жылытылады, 12-і автономды, біреуі электр қуатымен жылыту жүйесіне қосылған. Барлық жалпы білім беру мекемелерінде қол қойылған жылыту маусымына дайындығы туралы төлқұжаттар бар, тек №46 мектеп-гимназиясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде және №52 мектепте орталықтан жылытуға ауысу бойынша жөндеу жұмыстары қолға алынған. Барлық жұмыстарды 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.
71 балабақшаның ішінде 60 нысан орталықтан жылытылады, 11-нде автономды жылыту жүйесі орнатылған.
Сонымен қатар, балабақшалардың бәрі жылыту маусымына дайын. №8, 9, 19, 20, 23 мектепке дейінгі білім мекемелерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. №38 балабақшада 1 қыркүйекке дейін орталықтан жылытуға ауысу бойынша жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланған.
Ал 10 техникалық және кәсіби мекемелердің ішінде 8 нысан орталықтан, 2 автономды жылытылады. Олардың жылыту маусымына дайындығы туралы төлқұжаттарына қол қойылды.