Астанада балалар арасында жарақат алу жағдайлары жиілеп кетті
АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат - Астанада балалар арасында жарақат алу жағдайлары жиілеп кетті, мұның салдары әдетте мүгедектікке немесе өлімге әкеледі. Бұл туралы astana.kz сайтына елордалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығынан хабарлады.
«Қазіргі уақытта Астанада балалардың биіктен құлауының 25 оқиғасы тіркелді, соның ішінде: 5 жасқа дейінгі балалар - 14, 15 жасқа дейінгі балалар - 10. Терезедегі москит торынан құлап, көз жұмған 5 оқиға тіркелді»,- деп хабарлады орталықтан.
Жалпы, Қазақстан бойынша жарақаттанушылық статистикасы көңіл көншітерлік емес. 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 662 өндірістік жарақаттанушылықтың жағдайы (680, 2012ж.) орын алған, соның ішінде, 9 (7) адам мерт болды. Биіктен құлаған 51 адамның (50, 2012 ж.) үшеуі (3) көз жұмды.
Жол үстінде жарақат алу оқиғалары да көбейіп болып отыр. Биыл ересектер арасында осындай 866 жағдай тіркелді (679 -2012), соның ішінде 8 (8) адам қаза тапты, балалар арасында 114 (87) оқиға тіркелді, 1 бала мерт болды.
Биіктен құлау жағдайлары да жол-көлік оқиғалары секілді адамның жиі мерт болуына әкеліп соғады. Еңбекке жарамды азаматтар арасында мұндай жағдайларға көбіне құрылыс мамандары ұшырайды. Әсіресе, егде жастағы азаматтар үшін құлаудың салдары өте ауыр болады.
«Орталықтың хабарлауынша, балалардың москит торынан құлауына ерекше назар аудару керек. Ата-аналардан көп қабатты үйлерде балаларды терезеге жақындатпай, мұқият болуларын сұраймыз»,-дейді орталық мамандары.