Астанада балалар арасындағы семіздіктің алдын алу стратегиясын дайындау жөніндегі мәжіліс өтуде
АЛМАТЫ. 18 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада балалар арасындағы семіздіктің алдын алуға арналған ұлттық стратегияны дайындау жөніндегі 3 күндік сектораралық мәжіліс өтуде. Оны Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Ықпалдастық орталығы және еуропалық аймақтық бюросымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының баспасөз қызметінің жетекшісі Алуа Мырзаханованың айтуынша, онда «Тамақтану, физикалық белсенділік, семіздік» бағдарламасының менеджері Жоао Бреда мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы кеңсесінің үйлестірушісі Гаухар Әбуова шеберлік дәрістерін өткізбек. Өйткені соңғы 30 жылдың ішінде әлемде артық салмақ пен семіздіктің таралуы балалар арасында айтарлықтай артқан. 5 жасқа дейінгілер арасында ол 2010 жылы 42 миллионнан асқан. Ал олардың 35 миллионы дамушы елдерде тұрады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, 18 жасқа дейінгілер арасында әлемде жалпы 170 миллион адам артық салмақтың зардабын тартуда.