Астанада балалар шығармашылығының сайыс-фестивалі басталды

АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында «Түрлі-түсті мозайка» атты балалар шығармашылығының сайыс-фестивалі басталды.
None
None

Биылғы фестивальдің ерекшелігі сол, шара «Балалық шақтың мұражай трамвайы» атты мерекелік бағдарлама аясында өтуде. Оны Павлодар қаласының мұражай қызметкерлері ұсынды. «Трамваймен серуендеу» барысында балаларды белгілі ертегі кейіпкерлері мен әртүрлі ойындар, жұмбақтар, сөзжұмбақтар күтіп тұр. «Мұражай», «Көркем сурет», «Әдебиет», «Музыка» және «Би» аялдамаларында қатысушылар Павлодардың Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайына қысқаша экскурсиялық шолу жасап, павлодарлық жазушылардың өмірбаяндарымен және шығармашылық жұмыстарымен таныса алады. Сондай-ақ музыкалық би шараларына қатысады. Сайыс жеңімпаздары сан алуан сыйлықтармен марапатталады.

Негізі, 2012 жылдан бастап Павлодарда осындай травмай жолға шығып, арнайы маршрутпен бүкіл қаланы айналып шығады. Бір-екі сағаттық саяхат барысында жолаушылар классик-драматург Жүсіпбек Аймауытов пен ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірімен және шығармашылығымен, әнші-сазгерлер Жаяу Мұса Байжанов пен Майра Шамсутдинованың жеке заттарымен етене танысып, майдангер-жазушылар Всеволод Иванов пен Мұзафар Әлімбаевтың мұраларын көре алады.

Бүгінгі сайыс-фестивальға 6-9 жас аралығындағы 100-ге жуық бала қатысады. Жеңімпаздар молбертте сурет-сайысы, асфальтта сурет салу-сайысы (бормен), мозайкалар мен пазлдарды жинақтау бойынша анықталмақ.

Айта кетейік, «Түрлі-түсті мозайка» атты балалар шығармашылығының сайыс-фестивалі ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайы мен Балалар көркемсурет мектебінің «Балалық шақтан көзқарас» бірлескен жобасы аясында өтіп отыр.

Соңғы жаңалықтар