Астанада балалар үйлері тәрбиеленушілерінің арасында турнир өтті

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астанадағы «Велотрек» және «Астана-Арена» спорт кешендерінде  шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, жүзу, дойбы және көңілді старттардан алғаш рет Астана қаласы балалар үйлері тәрбиеленушілерінің арасында турнир өтті.
None
None

Турнирге «SOS Астана балалар ауылы», «№1-ші балалар үйі», «Кәмелетке толмаған балаларға арналған пана» балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, барлығы 100-ден астам бала қатысты. Шараның мақсаты - балалар үйлерінің тәрбиеленушілері арасында спорт және дене тәрбиесін дамыту, салауатты өмір салтын енгізуді насихаттау, өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесін күшейту, балаларды тұрақты түрде спортпен шұғылдануға баулу.  

Спорт бәсекесінің ашылу салтанатында Астана қаласы спорт басқармасының және балалар үйлерінің басшылығы, «Барыс» хоккей клубының өкілдері, «Жас Отан» және  «Болашақ» ұйымдарының өкілдері болды.

"Сіздерге бүгін әділ жарыс тілеймін. Ертең осында отырған жас балғындар спортшы, дипломат, журналист болар, әр түрлі қызметтің басын ұстаған мықты сала мамандары атанады. Бұл мамандықтардың барлығы елімізге қажет. Ал ең алдымен адал, ісі ақ, ары таза адамдар керек. Бізге сенімді әрі батыл азаматтар қажет", - деді «Барыс» хоккей клубының өкілі Евгений Маслов балаларға қаратып айтқан сөзінде.

Ұйымдастырушылар: ҚР Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттігі мен ҚР Спорт индустриясын дамыту жөніндегі қауымдастығы.

Соңғы жаңалықтар