Астанада балаларды қысқа мерзімге қалдыруға лайықталған алғашқы орталық ашылды

АСТАНА. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанада балабақшалардағы орын тапшылығы проблемасын шешу мақсатында тұрғын үй кешендерінің 1-3 қабаттарында орналастыру жоспарланған мектепке дейінгі даярлық орталықтарының алғашқысы ашылды,

Астанада балаларды қысқа мерзімге қалдыруға лайықталған алғашқы орталық ашылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мектепке дейінгі даярлық орталығы бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысуымен салтанатты жағдайда іске қосылған «Тәуелсіздік» тұрғын үй кешенінің 1-ші қабатында орналасты.

Жалпы ауданы 300 шаршы метрді құрайтын орталық 5-6 жастағы барлығы 80 баланы қабылдауға арналған. Орталықта балалар тамақтандырылмайтындықтан және онда жатын орындар қарастырылмауына байланысты, ата-аналар сәбилерін қысқа мерзімге, яғни 5 сағатқа ғана қалдыра алады (мерзімдері - таңертенгі сағат 8.30-дан 13.00-ге дейін, болмаса 13.00-ден 18.00-ге дейін).

Астана қаласы Білім беру басқармасының директоры Әсима Бимендинаның айтуынша, елордада мұндай барлығы 40 орталық ашу жоспарланып отыр және олар толығымен мемлекеттің балансында болатындықтан, ата-аналарға  қызметтер ақысыз көрсетілетін болады.

Алғашқы орталыққа балаларды қабылдау келер жылдың қаңтарынан бастап жүргізіледі.