Астанада балалардың психологиялық шұғыл көмек кабинеті ашылды
АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін елордада №3 қалалық емхана филиалы базасында Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы балалардың психологиялық шұғыл көмек кабинетін ашты.
Бұл туралы astana.kz ақпараттық порталында хабарланды.
«Кабинетті ашудағы басты мақсат шұғыл суицид жағдайында балаларға психологиялық, психотерапевтік, суицидологиялық білікті көмектер көрсету болып табылады», - деп атап көрсетеді ведомстводан.
Балалардың шұғыл психологиялық көмек кабинеті осы мәселемен айналысушы барлық ведомстволардың жұмыстарын үйлестіріп, өз-өзіне қол жұмсау жағдайындағы кез келген сәтте тығырықтан шығаратын мүмкіндіктерді қарастырып, сол арқылы кәмелетке жасы толмағандардің психологиялық сауықтырылуын көздейді.
Басқарма кәмелетке жасы толмағандар арасында суицидтік сипаттың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізеді. Олар Медициналық орталық базасында балалар мен жасөспірімдерге консультативтік- психиатриялық көмектер ұсынады.
Республикалық психиатриялық, психотерапиялық және наркологиялық ғылыми-тәжірибелік орталықпен, сондай-ақ Астана қаласындағы Оқу-клиникалық орталығымен бірге психолог, психиатр, суицидология, дағдарысты жағдайдағы психотерапия мәселелері бойынша әлеуметтік қызметкерлер дайындайды.
2012-2014 жылдарға Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен суицидтердің алдын алу жөніндегі ведомствоаралық жоспарды жүзеге асыру аясында Астанада қазірдің өзінде халықтың ересек тобына арналған шұғыл психологиялық көмек кабинеті жұмыс жасайды. Оған қоса қаланың барлық емханаларында психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің штаттық бірлігі енгізілген.
Жасөспірімдердің өзі-өзіне қол жұмсауы кейінгі жиырма жылда барлық өркениетті мемлекеттерде төтенше өзекті мәселеге айналды.
Суицид әлемде жастардың жол-көлік оқиғасынан кейінгі екінші орынға шықты. Жастар арасындағы суицидалды әрекеттер соңғы жиырма жылда екі есеге өскен. 14 - 24 жас арасындағы адамдардың 30%-ында суицидалдық ой болады екен. Жасөспірімдердің 6%-ы, қыздардың 10%-ы суицидалдық әрекеттер жасағандығы анықталған.
Суицидолог-мамандардың сараптауынша, өзіне-өзі қол жұмсау негізінен шиеленістің әлеуметтік-психологиялық бейімсіздігінде жатады. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы өзін-өзі өлімге қию қатты алаңдатып отыр. Бұл ата-аналармен, мұғалімдердің психологтар мен дәрігерлердің, әлеуметтік және басқа да мамандардың осы жайға айырықша назар аударуын талап етеді.