Астанада балаларға арналған жаңа травматологиялық пункт ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы №2 қалалық көпбейінді балалар ауруханасының травматологиялық пункті жаңа ғимаратқа көшті. Жалпы ауданы 2,6 мың шаршы метрден асатын нысанда балаларға шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи жабдықтар орнатылған. Мұнда реанимациялық зал, операциялық блок, компьютерлік томография және рентген кабинеттері бар.

п
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Аурухананың травматологиялық пунктіне күн сайын түрлі жарақат алған 400-ге жуық бала медициналық көмек сұрап келеді. 2025 жылы мұнда 112 775 жүгіну тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 20,7 пайызға жоғары. Балалардың жарақат алуына байланысты медициналық көмекке жүгінушілер санының артуы бұрынғы ғимараттың мүмкіндігін кеңейтуді қажет еткен.

Осыған байланысты жарақат пунктінің жаңа қосалқы ғимараты ашылды. Жалпы ауданы 2 678,32 шаршы метрді құрайтын нысанда шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажетті бөлімдер мен диагностикалық кабинеттер бір жерге шоғырландырылған. Атап айтқанда, реанимациялық зал, операциялық блок, компьютерлік томография және рентгенодиагностика кабинеттері жабдықталған.

п
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Заманауи медициналық құрал-жабдықтар жарақат алған балалардың жағдайын жедел бағалап, қажетті тексерулерден өткізуге мүмкіндік береді. Бұл дәрігерлерге диагнозды нақтылап, әрі қарайғы емдеу тәсілін таңдауға көмектеседі.

Травматология пунктінің меңгерушісі Баймахан Садуов жаңа ғимараттың ашылуы медициналық қызметкерлер үшін де, кішкентай пациенттер үшін де маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, балалар санының артуына байланысты бұрынғы ғимарат келушілерді қабылдауға тарлық ете бастаған.

п
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

-Балалар саны көбейіп келеді, сондықтан бізге жаңа жарақат пункті қажет болды. Жаңа ғимараттың ашылғанына өте қуаныштымыз. Мұнда кең, жарық бөлмелер бар, балаларға қажетті жағдай жасалған. Ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография, операциялық блок, екі рентген кабинеті және реанимациялық зал бар. Барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілдік – деді ол.

Меңгерушінің айтуынша, жаңа ғимаратқа қарамастан, бұрынғы медициналық ұжым жұмысын жалғастырады. Яғни балаларға көмек көрсететін дәрігерлер құрамы өзгермеген.

м
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

-Біздің жарақат пунктінде білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Жаңа ғимарат ашылғанымен, бұрынғы медициналық ұжымымызды сақтап қалдық. Сол мамандар енді кішкентай пациенттерге жаңартылған технологиялар мен заманауи жабдықтардың көмегімен медициналық көмек көрсетеді, – деді Баймахан Садуов.

№2 қалалық көпбейінді балалар ауруханасы туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға мамандандырылған стационарлық медициналық көмек көрсетеді. Шұғыл жағдайларда травматологтар, хирургтер, анестезиолог-реаниматологтар және диагностикалық қызмет мамандары бірлесіп жұмыс істейді.

Жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі пациенттерді қабылдау мен тексеру тәртібін жетілдіруге мүмкіндік береді. Балаларды қажетті медициналық көмек түріне қарай бағыттау, диагностикадан өткізу және емдеу үдерістерін бірізді ұйымдастыру көзделген. Соның арқасында шұғыл көмекке мұқтаж балалардың уақыт жоғалтпай тиісті тексеруден өтуіне жағдай жасалады.

а
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Осылайша, жаңа жарақат пункті елордадағы балаларға арналған шұғыл медициналық көмектің мүмкіндігін кеңейтеді. Заманауи диагностикалық жабдықтар мен арнайы бөлімдердің бір жерде орналасуы дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, кішкентай пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етеді.

Бұған дейін Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында тоғыз балалар ауруханасы салынатыны туралы жазған едік.