Астанада баланы соғып кеткен жүкті әйелге қатысты үкім шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ағымдағы жылдың көктемінде баланы соғып кеткен жүкті әйелге қатысты сот үкімі шықты.

Астанада баланы соғып кеткен жүкті әйелге қатысты үкім шықты

«Астана қаласы №2 Алматы аудандық сотының үкімімен азаматша Сәкенова ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлімінде қарастырылған қылмыс бойынша айыпты деп танылды. Айыпталушы 2 жыл 6 айға бостандығынан, сонымен қатар 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды», - деп хабарлады Астана қалалық сотының баспасөз қызметінен.

Ведомствода атап өткендей, ҚР ҚК 74-бабы 1-бөліміне сәйкес, сот Сәкенованың жүкті болғанын ескере отырып, оның жазаны өтеу мерзімін 1 жылға шегерді.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылы 25 мамырда азаматша Сәкенова «Тойота Ланд Крузер» көлігін басқара отырып, абайсыздан кәмелет жасқа толмаған баланы соғып кетті. Салдарынан жапа шегуші қаза тапты.

Сот үкімі заңды күшіне енбеді.