Астанада банк бөлімшесіне «GGG» атауы берілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Цеснабанк» АҚ кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Геннадий Головкиннің құрметіне орай Астана қаласындағы бөлімшелерінің біріне «GGG» атауын берді.
Бұл туралы бүгін әлемге әйгілі кәсіпқой боксшы, WBA, IBO, WBC IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкинмен бірлескен пресс-конференция барысында «Цеснабанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Жақсыбеков мәлім етті.
«Әлем алдында Қазақстанның боксы мен имиджін насихаттауда сіңірген еңбегі үшін және оның жанкүйерлеріне сый ретінде «Цеснабанк» АҚ Астана қаласы, Сарыарқа даңғылында орналасқан корпоративтік орталығына Геннадий Головкиннің атын беруді ұйғарды. Сондай-ақ, Геннадий Головкиннің жерлестері үшін де сый жасап Қарағанды қаласы, Ерубаев көшесіндегі бөлімшеге де кәсіпқой боксшының атын бердік»,-деп мәлім етті Д.Жақсыбеков.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Геннадий Головкин Қазақстандағы ірі қаржы ұйымдарының бірі - «Цеснабанк» АҚ-ның елшісі атанды. Сондай-ақ, GGG белгісі және Геннадий Головкиннің суреті бар «MasterCard» карточкасы шығарылды.