Астанада «Бәрі де ән айтады» атты караоке чемпионаты өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада караокеден «Бәрі де ән айтады» атты ашық чемпионаты өтеді. «Жастар» сарайының бастамасымен және елорда әкімдігінің қолдауымен өткізілетін шара үшінші рет өз тыңдармандарын қуантпақ. 18 жастан асқан азаматтар музыкалық білімінің бар-жоқтығына қарамастан басты сыйлық - Астана әкімінің кубогына таласа алады.
Чемпионатқа қатысу үшін кастинг 19 мамырда сағат 17.00-де «Жастар» сарайында өтеді, конкурсанттар өздерінің сүйікті бір әнін орындауы тиіс. Бірінші іріктеуден өткен вокалистер кәсіпқой әншілермен дайындалады, олардың тренингтері мен шеберлік сыныптарына қатысады. Бұдан басқа қатысушылар отандық жұлдыздармен кездеседі. Сонымен қатар, чемпионатқа қатысушылар екі іріктеу турынан өтеді, содан кейін жартылай финал мен финалда бақ сынайтын болады.
«Халық» караокесіне қатысушылар үш топқа бөлінеді, оның әрқайсысы бойынша жеңімпаз анықталады, Әкімнің кубогы ең көп балл жинап, топ жарған әншіге табысталады.
Астана қаласының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мәліметі бойынша, чемпионаттың бірінші және екінші іріктеу турлары 10 және 24 маусымда, жартылай финал мен финал 5-6 шілдеде өтеді.
Еске салайық, караокеден «Бәрі де ән айтады» чемпионаты елордада екі жыл бұрын алғаш рет өткен болатын. Ол кезде қатысуға 200-ден аса өтінім қабылданған. Чемпионаттың қорытындысы бойынша Нұрлан Төкенов, Денис Ни және Милана Серікова жеңімпаз атанды. Жас талантты орындаушыға Астана әкімінің кубогы табысталды. Өткен жылы чемпионатқа қатысушылар қызыл алашамен жүріп өтіп, өз әсерлерімен бөлісті.