Астанада «Барыс» атты түнгі із кесуші топ құрылды

ТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - «Астана гарнизоны базасының аясында «Барыс» атты түнгі із кесуші топ құрылды»,-деп хабарлайды Астана қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Астанада «Барыс» атты түнгі із кесуші топ құрылды

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, мұндай құрылымды жасақтаудағы басты мақсат - елордада ізі суымай ашылған қылмыстар санын арттыру. Сонымен қатар аталмыш шара қылмыстық ахуал күрделі аймақтарда тәртіп сақшыларының барыншы тығыз орналасуын қамтамасыз етіп, көпшілік орындар мен көшелердегі тәртіптің сақталуына ықпал ету болып табылады. Осы ретте «Барыс» жасағының алғашқы жиынында Астана қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Амантай Әубәкіров тәртіп сақшыларының назарын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен елордадағы қылмыспен байланысты жағдайды сауықтыру мәселесіне баса назар аударды.

Түнгі із кесуші жасақтардың құрамына Криминалдық полиция қызметінің тәжірибелі қызметкерлері мен жол полициясының және арнайы мақсаттағы жедел әрекет етуші жасақтар кіріп отыр. Түнгі экипаждар енді қаланың түнгі тыныштығын тексеру шараларын жіті назарға алатын болады. Бұл ретте сақшылар әсіресе қылмыстық ахуалы жайсыз аймақтар мен сауда орталықтары, тұрғын үй аумақтары мен мейрамханалардың және дәмханалардың маңын жіті қадағалайтын болады. Бұл топпен қатар елордада «Тобыл», «Антал» сияқты топтар да жұмыс істейтін болады. Олар қала тәртібін түнде де күндіз де қадағалайды. «Барыс» тобының алғашы жұмыс күнінде жақсы жолға қойылған қимылдардың арқасында Ақмола облысының 1990 жылы туылған азаматы ұсталды. Ол 19-20 тамыз аралығында «Аudi» маркалы көлігінің артқы терезесін сындырып, көліктен құны 200 мың теңгенің автомагнитоласын ұрлап кеткен. Сондай-ақ осы түні көліктен бензин ұрламақ болған А. атты азамат ұсталды. Ал түнгі 3-тер шамасында 1989 жылы туылған азаматтан ұялы телефон ұрлап алған Оңтүстік Қазақстан облысының 3 тұрғыны қолға түсті.