Астанада Бас прокуратураның Call-орталығы өз жұмысын бастады

АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Бас прокуратурасының Call-орталығы өз жұмысын бастады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Астанада Бас прокуратураның Call-орталығы өз жұмысын бастады

«Прокуратура органдарының заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау қызметтерін жетілдіру көбінесе ақпараттық технологияларды тиімді пайдаланумен байланысты. Іске қосылған Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Call-орталығы осындай жаңа әрі сұранысқа ие жүйелердің бірі болмақшы», - делінген хабарламада.

Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзу фактілерімен байланысты жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қабылдау және тіркеу орталықтың негізгі міндеттеріне кіреді. Атап айтқанда, хабарламалар қылмыс, хабар-ошарсыз кеткен адамға іздеу салу туралы, заңсыз алып кету бойынша арыздарды тіркеуден негізсіз бас тартуды білдіретін қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне қатысты болуы мүмкін.

Call-орталығы арқылы кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу туралы, соның ішінде заңсыз тексерулерге байланысты, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттеріне қарсы шағымдар бойынша хабарласуға болады.

Сонымен қатар әрбір азамат жазбаша түрде шағым беру тәртібі туралы түсінік ала алады.

Қажет болған жағдайда жасалғалы жатқан немесе жасалған қылмыстар жайлы, мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қатер туралы шағымдарды Call-орталығы құзыреттеріне сәйкес тиісті мемлекеттік органдарға дереу қайта жолдайды.

Егер шағым Бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесінде тіркеуге жатпайтын немесе оны қарау прокуратура органдарының құзыретіне кірмейтін болса оператор арызданушыға осы шағымды беру тәртібін түсіндіреді немесе арызданушы қойған мәселені шешу құзыретіне кіретін мемлекеттік органның деректемелерін береді. Шұғыл жағдайларда оператор осы арызда қойылған мәселелерді шешу құзыретіне кіретін орталық мемлекеттік орган желісіне қосу бойынша шаралар қабылдайды.

Call-орталығының операторлары шағымдарды тәулік бойына 115 нөмірі арқылы қабылдайды.