Астанада баспа БАҚ-тардың онлайн режимде даму перспективалары талқыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазконтент» АҚ 2012 жылдан бері 1000-нан аса баспа басылымдардың түгелдей Интернетке көшуіне және онлайн-нұсқасын жасауға күш салған. Ал биыл компания 200 баспа БАҚ-тың интернет редакциясын жасамақ. Бұл туралы Астанада өткен «Баспа БАҚ-тардың онлайн редакциялары: өзекті мәселелер мен даму перспективалары» атты конференция барысында «Қазконтент» АҚ-ның интернет жобалар бойынша басқарушы директоры Жандос Чулаков мәлім етті.
«Аймақтардағы баспа БАҚ-тардың өкілдерін жинайтын бұл конференция дәстүрге айналған. Үшінші рет өтіп жатқан конференцияның биылғы бір ерекшелігі - конференцияға блогерлер мен масс-медиа саласының мамандарынан тыс, ғылыми ортаны, яғни, журналистика саласындағы профессорлар мен оқытушыларды шақырып отырмыз. Жалпы, бұл жоба Мемлекет басшысының «Ақпаратты Қазақстан-2020» атты бағдарламасының аясында басталған еді»,-дейді басқарушы директоры.
Оның айтуынша, «ҚазКонтент» АҚ 2012 жылдан бері елімізде 1000-ға жуық баспа БАҚ-тың онлайн-редакциясын жасаған.
«2012 жылдан бері мыңнан аса баспа БАҚ-тың онлайн редакциясын жасадық. Биыл 200 газет-журналмен байланыс орнаттық. Бұл үрдіс баспа БАҚ-тың жұмысын тежемейді, керісінше, онлайн-редакцияларын дамытады, жетілдіреді»,-дейді Ж.Чулаков.
Айта кетейік, ақпаратты онлайн режимге бейімдеу жолдары талқыланған конференция ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Байланыс, ақпарат және ақпарттандыру комитетінің қолдауымен өтіп отыр.