Астанада баспана бағасы жыл аяғына дейін 10 пайызға төмендейді - Жылжымайтын мүлік сарапшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада баспана бағасы жыл аяғына дейін 10 пайызға төмендейді. Бұндай пікірді бүгін «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы сарапшылық клубында өткен отырыста BI-group компаниясының өкілі, сарапшы Анар Қуандықова айтты.
None
None

«Қазіргі кезде жылжымайтын нарығы бойынша төмендеуді сезініп отырмыз. Бұл тұрғыда нарық көлемінен бөлек, бағалар да төмендеуде. Жалпы бұл тренд 2015 жылдың басынан бастау алды және оны біз айқын байқадық. Яғни, қазіргі кезде бірқатар компаниялардың дефолты болады деп ойлаймыз. Осыған сәйкес, нарықты сауықтыру үрдісі жүреді. Шағын компаниялар қалыптасып отырған ахуалды еңсере алмайды, себебі кейбір компаниялар өздерінің жобаларының экономикасын алдын ала есептеп, түгендей алмай жатады», - деді А. Қуандықова.

Сәйкесінше, бастапқыда олардың бағасы төмен болғандықтан, қазіргі кезде одан төмен түсіре алмайды. Ал ірі компанияларда жағдай өзгеше. Ірі компаниялар бүгінде шын мәнінде өзіндік құнын төмендету жұмыстарымен айналысуда және жалпы алғанда, инфляциялық таргеттеуге дұрыс іс-қимылдар жасай алды.

Оның сөзіне қарағанда, ірі құрылыс компаниялары қазіргі кезде Ұлттық банктің бағамы бойынша жұмыс істеп отырған жоқ. Бұл компаниялар тұтынушылардың нақты мүмкіндіктеріне қарай мойын бұра бастады.

Сарапшының пайымынша, жалпы жылжымайтын мүлікке баға төмендеуде және қала бойынша пәтерлердің эконом, бизнес, комфорт санаттарына қатысты жыл аяғына дейін 10 пайыз көлемінде бағаның төмендеуі орын алмақ.

Сонымен қатар ол премиум санаттағы баспаналарға тоқтала келе, пәтерлердің бұл түрі компанияның портфелінде бес пайыздан аспайтындығын және қазіргі кезде осы пәтерлер елеулі сұранысқа ие болмай отырғандығын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар