Астанада батыр Ә. Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

ҰОС ардагерлерінің ел алдындағы ерен еңбегі мен қан майдандағы ерлігіне тағзым етіп, оларды айтулы мерекемен құттықтады.
Мерекелік шара барысында Әлия ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ шығармашылық ұжымы жұртшылық назарына мектеп оқушыларының қатысуымен ұйымдастырылған «Ер ерлігі ел есінде» атты музыкалық-драмалық қойылымын және «Өткен жылдарға тағзым» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.
Сарыарқа ауданының әкімі Ермек Оспановтың айтуынша, бүгінгі шара арқылы қала халқы ардагерлерге деген құрметі мен шексіз алғысын білдіруге мүмкіндік алып отыр. Қазіргі таңда Сарыарқа ауданында 400-ге жуық ардагер тұрады.
15 жастағы Әлия Молдағұлова соғыс басталғанда өз еркімен майданға сұранды. 1943 жылы Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтап, 54-інші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан астам сарбазы мен офицерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында небәрі 19 жасында қаза тапты.
Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды. Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген.