Астанада «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы аясында екінші транш бөлу жөніндегі келісімге қол қойылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, Азиялық даму банкі тарапынан бөлініп отырған екінші транштың құны 187 миллион теңгені құрайды. Аталмыш қаржы Жамбыл облысындағы «Тараз-Қордай» жол учаскесінің 79 шақырым аймағын қайта жөндеу жұмыстарына жұмсалмақ. Бұл бұрындары екінші дәрежеге жатқызылып келсе, енді ол төртжолақты бірінші дәрежеге жеткізілетін болады. Құрылыс жұмыстарына берілген уақыт 33 айды құрайды.
Қол қою рәсімінде жобаға байланысты сөз қозғаған қаржы министрі Болат Жәмішевтің сөзіне қарағанда, аталмыш жобаны жүзеге асыру шарттары еліміз үшін өте тиімді. Жоба аясындағы бірінші траншқа осыған дейін қол қойылды. Ал бүгінгі құжат екінші траншқа қатысты. «Сонымен қатар биыл Азиялық даму банкі елдегі бюджет дефицитін қаржыландыру үшін 500 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлді. Бюджет дефицитін қаржыландыру жұмыстары жылдам аяқталады деген сенімдемін. Өйткені Азиялық даму банкі бұл мәселені өте жедел қарады. Бұл аталмыш банктің бізді қолдауға дайын екендігінің, бізбен ынтымақтастықта жұмыс істеуге ниетті екендігінің белгісі», деді Б.Жәмішев.