Астанада байланыс саласының қызметкерлері мемлекеттік тілден білім жарыстыруда

АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Елордада Қазақстан халқы тілдері фестивалі аясында байланыс саласының қызметкерлері арасында «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің тірегі» атты байқау өтуде.
None
None

Байқау ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің бастамасымен телекоммуникация, байланыс саласында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және Конституцияға сәйкес қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін жоғарылата түсу мақсатында жасалып отыр.

«Қазпошта», «Қазақтелеком» компаниялары және Қазақстандағы байланыс операторлары қызметкерлерінен құралған 11 команда «Ең үздік ұжым» аталымы бойынша қазақ тілінен сайысқа түсетін болады.

Байланыс саласы - бұл болашақтың саласы. Телекоммуникация сынды инновациялық салада қазақ тілінің жағдайына үлкен мән беріледі», дейді әділқазылар алқасының мүшесі, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қайрат Сәдуақасов.

Оның айтуынша, ұялы байланыс пен коммуникациялық компаниялар қызмет беру саласының көшбасшылары болып табылады. Сондықтан олардың қызметкерлері тек орыс тілінде ғана емес, мемлекеттік тілді де еркін меңгеруі тиіс.

Байқауда әрбір ұжым қазақ тілінде сахналанған қойылым қойып, өздерінің қызметі туралы әңгімелеп беруі тиіс. Шара кезеңдерінің бірінде ұлттық қиім үлгілерін көрсетеді.

Шара барысында қатысушы компаниялардың күшімен ұйымдастырылған көрме ашылды. Онда байланыс саласындағы орысша-қазақша сөздіктер ұсынылды және компаниялардың қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту бағытында жасап жатқан нақты іс-қадамдары жөнінде мағлұматтар берілген.

Соңғы жаңалықтар