Астанада базар маңынан әйелдің денесі табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада базар маңынан 47 жастағы әйелдің денесі табылды. Астана полиция департаменті мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

жедел жәрдем
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Қайғылы жайт 7 қазан күні кешкі уақытта болған. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады.

Астана полиция департаментінің мәліметінше, әйелдің денесі сауда базарының алдында табылған. Денесінде зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған.

— Алдын ала мәлімет бойынша, әйелдің жағдайы нашарлап, жедел медициналық жәрдем бригадасы келгенге дейін қайтыс болған. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Ал Астананың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы оқиға орнына келген медицина қызметкерлері әйелді өлі күйде тапқанын және биологиялық өлімді тіркегенін мәлімдеді.

Марқұмның денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Айта кетейік, бұған дейін Астананың 30 жастағы тұрғыны өлтірілгеннен кейін төрт полиция қызметкері жұмысына салғырт қарады деген күдікпен ұсталғанын жазғанбыз.