Астанада белгіленбеген орындарда темекі шеккені үшін 12 мыңнан астам адамға айыппұл салынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері елордада белгіленбеген орындарда темекі шеккені үшін 12300-ге жуық құқық бұзушыларға айыппұл салынды, деп хабарлады Астана ІІД жергілікті полиция қызметінің баспасөз қызметі.
«Жыл басынан бері белгіленбеген орындарда темекі шеккен 12300-ге жуық адам анықталды, қоғамдық орындарда алкоголь ішімдіктерін ішкені немесе мас күйінде болғаны үшін 14180-нен астам адам ұсталды. Ұсақ бұзақылығы үшін 3200-ден астам адам жауапкершілікке тартылды, бұдан басқа 15400-ге жуық абаттандыру ережелерін бұзу фактілері анықталды», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, ҚР ӘҚБтК-тің «Кейбір қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салуды бұзу» 441-бабын бұзағаны үшін үш АЕК мөлшерінде (6363 теңге) айыппұл көзделген. Жыл ішінде бұл бапты қайталап бұзғаны үшін құқық бұзушының алты АЭК (12726 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуіне тура келеді.