Астанада белгілі ғалым-публицист Намазалы Омашұлының шығармашылық кеші өтті

АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі ғалым-публицист, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлының 60 жылдық мерейтойы мен шығармашылығына 35 жыл толуына орай кеш өтіп,

Астанада белгілі ғалым-публицист Намазалы Омашұлының шығармашылық кеші өтті

ғалымның «Радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі» атты оқулығының тұсаукесер рәсімі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Н. Омашұлы 1950 жылғы қаңтардың 19-ында Жамбыл облысының Мерке ауданы Ойтал ауылында дүниеге келген. Ол 2003 жылдан ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының толық мүшесі (академик), 2002 жылдан Қазақстан журналистикасы академиясының толық мүшесі (академик), Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты.

Профессор Н. Омашұлы 3 оқулықтың, 5 монографияның, 9 ғылыми-публицистикалық еңбектер мен очерктер жинағының, 7 оқу құралдарының және 300-ден астам ғылыми, публицистикалық мақалалардың авторы. Оның жетекшілігімен 20 кандидаттық, үш докторлық диссертация қорғалды. Ғылыми еңбектері Қазақстанда ғана ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шет елдерде де үлкен резонанс туғызған. Ғалымның баяндамалары Лас-Вегаста (АҚШ, 1998), Париж (Франция, 1999), Монреал (Канада, 2000), Барселона, Мадрид (Испания), Ресей(Москва, 1980-1992) және т.б. халықаралық конференцияларда жоғарғы кәсіби бағаға ие болды.

Ол 1995 жылдан ЮНЕСКО жанындағы бұқаралық коммуникация және журналистика бойынша Дүниежүзілік ОРБИКОМ ұйымының мүшесі, журналистика факультетінің деканы (1995-2001), ЮНЕСКО-ның бұқаралық байланыс және журналистика кафедрасының меңгерушісі, журналистика бойынша Диссертациялық кеңестің төрағасы (1996), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры (2001-2008) қызметтерін атқарған. Қазір Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры.

Н. Омашұлының соңғы бекітілген типтік оқу бағдарламасына сәйкес жазылған «Радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі» атты оқулығы 9 тарау мен 33 бөлімнен тұрады. Мұнда радиохабарлардың БАҚ ретіндегі рөлі мен орны, қоғамдық міндеттері, тарихы және технологиясының даму кезеңдері түгел қамтылған. Сол сияқты радиожурналистиканың жанрлары мен пішіндерінің қалыптасуы, эфир журналистикасының ерекшеліктері, көп жылғы тәжірибесі кеңінен қарастырылды. Әр тарау модульдері көрсетіліп, сол бойынша қойылатын сұрақтар мен жауаптары қамтылған қажетті әдебиеттердің ұсынылуы, курс жобалары, семинар сабақтарының тақырыптары, оған берілген жауаптардың кешенді түрде қамтылуы - автордың көп жылғы ғылыми ізденісінің нәтижесі.

Шығармашылық кешке белгілі ғалымдар мен республикалық БАҚ басшылары, өнер, мәдениет қайраткерлері, журналистер қатысты.