13:25, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Астанада белгілі қазақстандық мұнайшы Б.Қуандықовтың «Каспий қайраңының кілттері» кітабының таныстырылымы өтті
АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ-ның ғимаратында қазақстандық мұнайдың 110 жылдық тарихын атап өту аясында,
белгілі қазақстандық мұнайшы, ҚР өнеркәсібіне еңбегі сіңген қызметкер Балтабек Қуандықовтың «Каспий қайраңының кілттері» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Авторды құттықтаған ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев, "кітапта шетелдік инвесторларды жұмылдыра отырып Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылған Каспийдің ең алғашқы жобасы, сондай-ақ еліміздегі ғажайып теңізасты кеңістікті ашуға алып келген Қазақстандағы Каспийдің алғашқы бастамалары жайлы баян етілгенін" жеткізді. Оған деректі мәліметтер, бейнефильмдер, басылымдарда жарық көрген мақалалар мен Каспий теңізін игеру ісіне тікелей қатысқан адамдардың алғашқы жұмыстары енгізілген. Б.Қуандықов кітабын Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің игеріле басталғанына 15 жыл толуына арнаған. Ол Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы кен орындарын игеру мақсатындағы алғашқы мамандандырылған «Қазақстанкаспийшельф» мемлекеттік компаниясын құруға атсалысқан бірден-бір тұлға. «Бұл шығарма Каспийдің ұлттық қазақстандық қайраңы туралы шежіренің басы ғана және онда алтын әріптермен жаңа аттар жазылатын жарқын парақтар әлі де пайда болады деп үміттенемін», - дейді автор.Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, мұнай саласына еңбектері сіңген қызметкерлер, белгілі мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты.