Астанада белгілі қоғам қайраткері Сәкен Жүнісов туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астандағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Студенттер» үйінде белгілі қоғам қайраткері, прозаик, драматург, публицист, әдебиет сыншысы, мемлекет сыйлықтың иегері Сәкен Жүнісов туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті.
Сәкеннің шығармашылық өмірінен сыр шертетін бұл деректі фильмді Сәкен Жүнісовтің інісі «Қазақфильм» кино студиясының деректі фильмдер режиссері Орал Жүнісов түсіріпті.
Ол фильмді түсіру оңайға соқпағанын, кейбір деректердің кезіндегі солақай саясаттың салдарынан жоғалып кеткенін айтты.
«Бір сағатқа созылған деректі фильм ағамыздың өмірінен қиылып алынған үзік сырлар ғана. Өмірі мен еңбек жолын толық қамтитын көлемді фильм түсіру оңай емес. Бірінші себеп, қаржыға келіп тірелсе, екінші себеп, Сәкен туралы көптеген естеліктер мен деректердің әр түрлі себептерге байланысты жойылып кеткендігі», - деді Орал Жүнісов.
Сондай-ақ, жазушының інісі Сәкенді тану, Сәкенді зерттеу бүгінгі ұрпақтың ісі екенін де атап өтті. Күнсұлтан Отарбай