Астанада белгілі тарихшы, мұрағатшы-аудармашы Зияда Ижановтың кітаптарының тұсаукесері өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты белгілі мұрағатшы, тарихшы және аудармашы, 400-ден астам мұрағаттық зерттеу мақалаларының авторы, «Қаһарлы 1916 жыл» шежіресі, «Махамбет энциклопедиясы» мен «Әуезов және мұрағат» жинақтарын құрастырушыларының бірі және «Қазақстан халық коммисарлары» көлемді еңбегін орыс тілінен қазақ тіліне аударған Зияда Ижановтың 4 томдық кітаптарының тұсаукесері болып өтеді.
Бұл туралы ҚР Ұлттық мұрағатының баспасөз қызметі хабарлады.
4 томдықтың біріншісі - «Жаралы жылдар» деп аталады. «1916 жылғы көтеріліс қазаққа керек пе еді?» - кітаптың алғашқы парағынан жарқ етіп көзге түсер бұл сұрақ, сол жылдардағы тарихымыздың зерттелмеген ақтаңдақ беттері, қанша айтса да, баршылық екен, деген ой тудырады. Бұл кітапқа 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің белгісіз болып келген жайттары, 1928 жылғы кәмпеске мен жазықсыз қуғынға ұшырағандар, 1921-1922, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялылары тағдырлары, 1941-1945 жылдардағы соғыс туралы қайғылы оқиғалар сипатталған. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты құжаттарына негізделіп жазылған мақалалар, араб тілінен аударылған естеліктер, құжаттардың көшірмелері бұл еңбектердегі баяндалған оқиғалар мен деректердің шынайылығына еш күмән келтіртпейді.
«Ащы сабақтар» кітабын даярлау кезінде автор Маңғыстау облыстық мұрағатындағы құжаттарға сүйенеді. Адай уезінде 1926-1930 жылдары ұйымдастырылған «Қосшы» одағының жұмысын баяндау арқылы сол кездегі халық өміріндегі ауыр кезеңді бар шындығымен ашып көрсетеді. Сондай-ақ, бұл еңбекте Маңғыстау өңірінде өткен оқиғалар мен оның тарихи тұлғалары туралы жазылған мақалалар мен қолжазбалар берілген.
«Асыл қазына» кітабына енген деректер Жәңгір хан, Ыбырай Алтынсарин, Абай сынды тарихи тұлғалардың өмірінен, Қазан төңкерісіне дейін және Кеңес үкіметінің алғашқы орнаған кезіндегі елімізде шығып тұрған бірқатар газет пен журналдардан, «Исатай батыр» жайында бағалы мағлұматтар береді.
Маңғышлақ өңірінің 1847-1920 жылдардағы тарихы жайлы З. Ижановтың - «Мангышлак» атты жинағы мұрағаттық құжаттар арқылы сыр шертеді. Бұл - төрт томдық ішіндегі орыс тілінде құрастырылған жалғыз кітап.
Тұсаукесерге белді мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті депутаттары, тарихшылар, мұрағатшылар, Зияда Ижановтың туған-туысқандары, БАҚ қызметкерлері, елорда жұртшылығы қатысады.