Астанада бес жылдың ішінде 4,5 мыңнан астам отбасыға жаңа баспананың кілті тапсырылды

«Соңғы 5 жылда біз 4,5 мыңнан астам отбасыға пәтер кілттерін табыс еттік. Соның ішінде 1200-і халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына жатады. Бұған қарамастан, қалаға жыл сайын еліміздің өзге өңірлерінен 50 мыңға жуық адам келеді. Бұл бізді тұрғын үй құрылысы мәселесін жедел шешуге итермелейді»,- деді қала басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта елордада тұрғын үйге кезекте 28438 адам тұр. Бұл - халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары, әлеуметтік сала қызметкерлері, мұғалімдер, дәрігерлер және басқалары.
Бүгін Астанада 11 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Мемлекеттік әлеуметтік серіктестік шеңберінде 10 құрылыс компаниясы 11 отбасыға 1 және 2 бөлмелі пәтерлер берді.
Айта кетейік, құрылыс компанияларының әлеуметтік осал отбасыларға пәтер беруі сынды қайырымдылық іс-шара дәстүрге айналып отыр. Осы уақытқа дейін аталған акция аясында 60 отбасы баспаналы болды. Олардың бір бөлігі 2011 жылы елорда күні және Тәуелсіздік күні мерекелерінің қарсаңында қоныс тойын тойлады. Қалғандарына пәтер кілттері 2012 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні қарсаңында берілді. Биыл акция Жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылды.