Астанада Бейбітшілік көшесі бойындағы үйлердің біріне қарақшылық шабуыл жасалды

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Ағымдағы жылдың 21 ақпанында сағат 22.00 шамасында Астана қаласының Бейбітшілік көшесі бойындағы үйлердің біріне қарақшылық шабуыл жасалды.

Астанада Бейбітшілік көшесі бойындағы үйлердің біріне қарақшылық шабуыл жасалды

Бұл жөнінде бүгін Астана қаласы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасынан белгілі болды.

Тергеу басқармасы қызметкерлерінің мәлімдеуінше, қарақшылық шабуыл алдын ала ұйымдастырылған сипатта болған. Бір әйел адам мен бір ер азаматтың қатысуымен жасалған қарақшылық шабуыл үй иесі пәтер есігін ашқан сәтте орын алған. Қылмыстық әрекетке қатысушы әйел жәбірленуші назарын алаңдату амалын жасаған. Шабуыл салдарынан жәбірленуші өміріне қауіп төніп, денсаулығына нұқсан келген.

Қылмыскер ер азамат 5 мың теңге көлеміндегі ақшасы мен құжаттары бар жәбірленушінің сөмкесін алып, із жасырған. Қылмысқа қатысушы әйел оқиға орнында ұсталды.

Астана қаласы Ішкі істер департаменті Тергеу басқармасы қызметкерлерінің шұғыл іздестіру шаралары нәтижесінде қылмыс жасаған ер адамның есімі анықталып, оның бұрын сотталғандығы белгілі болды. Қазіргі таңда қылмыскерді ұстау бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Тергеу барысында тұтқындалған әйел адамның бұрын сотталған Астана қаласының тұрғыны екендігі анықталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.