Астанада бейнебақылау құрылғысы қойылған патрульдік көліктер қызмет етуде

АСТАНА. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астанада республика бойынша алғаш рет бейнебақылау құрылғысы қойылған патрульдік көліктер қызмет етуде. Ал тәжірибе жүзінде жұмыс шілде айының ортасында басталған болатын. Бұл жайында бүгін журналистермен болған брифингте Астана қалалық Жол полициясы басқармасының Патруль қызметі бөлімінің бастығы Бауыржан Шоланов мәлім етті,

 Астанада бейнебақылау құрылғысы қойылған патрульдік көліктер қызмет етуде

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, көліктерде орнатылған құрылғылар көше бойында орын алған заңсыздықтар мен жол ережесін бұзу сияқты әрекеттерді арнайы бейнетаспаға түсіріп отырады. Ал көлік ішіндегі арнайы құрылғы кезекшіліктегі жол полициясы қызметкерлерінің сөйлеген сөздері мен іс-әрекеттерін бақылап отырады. «Аталмыш көлік қызметі іске қосылғалы бері  700-ден астам жол ережесін бұзу әрекеттері тіркелген. Сондай-ақ осы заңбұзушылықтар негізінде 450 сауықтыру мақсатындағы кеңестер жүргізілген. Көлікті бейнебақылау арқылы анықталған кемшіліктер бойынша әкімшілік жауапқа тарту шараларына азаматтар тарапынан бірде-бір наразылық болған жоқ», деді бөлім бастығы.

 Оның айтуынша, көлікте орнатылған құрылғылардың көмегімен полиция қызметкеріне қарсылық көрсету әрекеті де дәлелденді. Қазіргі таңда ол әрекет бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Сондай-ақ бейнебақылау жүйесі жол полициясы қызметкерінің өз қызметін талапқа сай атқармау әрекетін де анықтауға ықпал етіп, жол полициясының өкілі қызметінен босатылды», деді Бауыржан Шоланов.

Мұндай құрылғылар әлемнің дамыған елдерінде қызмет көрсетеді. Болашақта аталмыш құрылғыларды елдегі жол полициясы көліктерінің барлығына орнату жоспарланып отыр.