Астанада биік үйлер үшін берілген орынға мектеп-гүлзарлар салынатын болды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Астана әкімдігі бірқатар тұрғын үй кешендерінің құрылысы бойынша ұсыныстарды қабылдамады. «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында қала әкімдігі әлеуметтік нысандар құрылысына және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға ерекше назар аударады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, Байтұрсынұлы көшесі, 7 (Хайвилл Тұрғын үй кешені) мекенжайындағы учаскеде көппәтерлі тұрғын үйдің орнына мектеп салынатын болды.
Бұдан басқа, Қошқарбаев даңғылы мен Ақыртас көшесі маңында «Хайвил» ТК-ге қарама-қарсы оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында тағы бір жалпы білім беретін мектеп салынады.
Ақбұлақ ықшам ауданында Қ.Жалайыри көшесінде «Iconic» ТК құрылысы да тоқтатылды. Мастер-жоспар бойынша бұл орын абаттандырылып, гүлзар ашылады.
Есіл ауданындағы Мәңгілік Ел даңғылы жанында – №9 емхана мен №77 мектеп-гимназия арасындағы учаскеде жоспар бойынша серуендеуге және демалуға арналған қоғамдық кеңістік (гүлзар) салынады.
Күмісбеков көшесі 9 мекенжайында 21 қабатты тұрғын үй кешені мен паркингтің орнына қоғамдық кеңістік пен гүлзар салынады.
М.Горький-Косыгин-Челюскинцев-Ишимская көшелерінің квадратында ТК орнына гүлзар салынады.
Сонымен қатар Бас прокуратура мен Jysan Bank арасында – Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысындағы учаскеде көппәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына тағы бір мектеп салынады.