Астанада білім беру, маман даярлау, мамандарды қайта дайындықтан өткізу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті
АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада білім беру, маман даярлау, халыққа қызмет көрсететін мамандарды қайта дайындықтан өткізу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырысқа Үйлестіру кеңесінің мүшелерімен қатар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, «ҚазМұнайГаз». Барлау. Өндіру», «Кегок» сияқты акционерлік қоғам өкілдері мен Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Энергетика және минералды ресурстар министрліктері мен өзге де бірқатар ұйым- мекемелердің өкілдері қатысты.Мәжіліс барысында Елбасының «адам капиталымен» жұмысты жетілдіру, бұл мәселені әсіресе мұнай- газ бен энергетика саласында мықтап қолға алу жөніндегі көтерген мәселелері сөз болды. Сонымен қатар отырысқа қатысушылар еліміздің еңбек нарығындағы қазіргі таңда қалыптасқан жағдайды сараптады. Сонымен қатар олар елімізге сырттан жұмыс күшін тартуға қатысты мәселелер мен тұрғындарды оқыту, қайта дайындау, және жергілікті аймақтағы халыққа қызмет көрсететін мамандардың техникалық сауаттылығын арттыру жайы
сөз болды.Отырыста осы мәселелердің жайын сөз еткен Білім және ғылым министрлігінің өкілі Қадырбек Бөрібековтың сөзіне қарағанда, мамандарды қайта даярлау, жұмыссыздық, еңбек нарығындағы тұрақтылық сияқты мәселелер қоғамда барынша кеңінен талқылануда. «Бұл мәселеге қатысты атқарылуы тиіс шараларды Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында нақты көрсетіп берді. Осыған байланысты және елдегі кадрларды жұмыспен қамту стратегиясына сәйкес, биыл 40 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның 14 миллиарды техникалық қызмет саласындағы мамандарды қайта даярлау мен қайта оқыту жұмыстарына жұмсалмақ. Бұлардың барлығы үшінші деңгейдегі жұмыс күштері болып есептеледі. Қазіргі таңда аталмыш қаржы жергілікті әкімдіктерге бөлінуде және қаржының қай облысқа қаншалықты мөлшерде қажеттігі қазірдің өзінде белгіленіп үлгерді. Енді барлық әкімдіктермен тұрғындар арасынан мамандарды қайта даярлау ісін ұйымдастыруға байланысты келісімдер жасалуда. Бұл мәселе негізінен дағдарысқа байланысты жұмыстан босап қалған адамдар мен жұмыссыздарды және оралмандарды қамтуы тиіс», деді министрлік өкілі.