Астанада білім беру ұйымдарының жұмысын жақсарту үшін арнайы топ жасақталуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық білім беру ұйымдарының жұмысын жақсарту үшін ата-аналардан құралған бастамашылдар тобы құрылады. Бұл туралы өзінің Фейсбук парақшасында Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада білім беру ұйымдарының жұмысын жақсарту үшін арнайы топ жасақталуда

«Астана қаласының Білім басқармасы ата-аналар қауымдастығымен бірлесе отырып, елордалық білім ұйымдарында ашықтықты орнату, ата-аналардың мектеп өміріне белсенді қатысу, сонымен қатар балалардың жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралар жиынтығын іске асыру мақсатында ата-аналардан құралған бастамашылдар тобын жасақтау жоспарлауда», - деп жазды ол.

Ә. Жанғозиннің сөзіне қарағанда, құрылған топ мектептерді жаңа оқу жылы қарсаңында қабылдайтын комиссияның құрамына кіреді. Бұл ретте ғимараттың оқу жылына қаншалықты дайын екендігін тексеру шараларына қатысады. Бұдан бөлек, топ мүшелері колледждерге құжаттарды қабылдау барысында байқаушы ретінде қатысуға мүмкіндік алады.

«Келешекте осы тізімдегі ата-аналардың қалалық тамақтану сапасын бақылау комиссиясы құрамына енуі жоспарланып отыр.  Осыған байланысты топ құрамына кіруге қызығушылық танытқан ата-аналардан 8 707 5012474 (Whats App) нөміріне 2018 жылдың 11 тамызына дейін өтініштерін жіберуді сұраймыз», - деп толықтырды басқарма басшысы.